Ақмола облысында көші-қон заңнамасын бұзған әйел ұсталды

Ulysmedia

Ақмола облысында екі елдің азаматтығымен жүрген 23 жастағы РФ азаматы ұсталды. Енді Ресей азаматына қос азаматтығы үшін үлкен айыппұл салынады немесе елден шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Көші-қон заңнамасын бұзу дерегі 20 қаңтарда Ақкөл қаласында тіркелді. Көші-қон қызметінің қызметкерлері РФ-ның 23 жастағы азаматын анықтады. Ол үш жыл бойы іс жүзінде екі мемлекеттің – Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының азаматы болып келген.

«Мән-жайды нақтылау кезінде полицейлер 2019 жылы Ресейге оқуға түскен қыз Ресей Федерациясының азаматтығын алғанын, алайда қазақстандық заңнаманы бұза отырып, ҚР Ішкі істер органдарына немесе шетелдік мекемелеріне уақытылы хабарламағанын және Қазақстан азаматтығынан айырылу бойынша тиісті рәсімнен өтпегенін анықтады», - делінген хабарламада.

Шетелдікке қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Санкцияға сәйкес, құқық бұзушыға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе ҚР аумағынан шығарылып жіберіледі. Материалдар сотқа жолданды.

Өткен жылы көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтықтың 2760 фактісін анықтады, оның 47-сі ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.