Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Насымжан Оспанова жасөспірімдер арасында пайда болған жаңа қауіпті үрдіс туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПТІ ӘДЕТІ
Бұл туралы Оспанова Instagram парақшасында жазды.
«Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында өте алаңдатарлық әрі қауіпті тәжірибе таралып жатыр. Дәлірек айтқанда «көңілді газ» (азот тотығы) бен карбюраторды тазалауға арналған сұйықтықтарды («карбик») иіскеу. Бұл заттар қысқа уақыттық еліту үшін қолданылады, алайда жасөспірімнің ағзасына ауыр әрі қайтымсыз зиян келтіреді», – деп жазды Оспанова.
ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУІП
Оның айтуынша, «көңілді газды» иіскеу оттегі жетіспеушілігін, есінен тануды, құрысу мен тыныс алу және жүйке жүйесінің зақымдануын тудыруы мүмкін. Кей жағдайларда бұл ауыр салдарға әкеледі.
БІР РЕТ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗІ ҚАУІПТІ
«Тіпті бір реттік қолданудың өзі улануға және тәуелділіктің қалыптасуына себеп болуы ықтимал. Мұндай әрекеттің себебі көбіне жасөспірімнің өзін дәлелдеуге және әлеуметтік ортада қабылдануға ұмтылуынан шығады», – деді ол.
АТА-АНАЛАРҒА ҮНДЕУ
Оспанова ересектерді ерекше сақ болуға шақырды.
«Жасөспірімдердің мінез-құлқына назар аударыңыздар. Көңіл-күйдің күрт өзгеруі, киімнен химиялық иістің шығуы, жеке заттар арасында баллондар мен бөтелкелердің болуы, тежелу, ауыз айналасындағы қызару – мұның бәрі алаңдатарлық белгі болуы мүмкін».
ӘҢГІМЕЛЕСУ ЖӘНЕ КӨМЕК
Комитет басшысы жасөспірімдермен ашық сөйлесудің маңызын атап өтті. Алғашқы белгілер байқалғанда мектеп мұғалімдеріне, психологтарға немесе психологиялық қолдау орталықтарына жүгіну қажет.
ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
«Жасөспірімдерге сын емес, назар мен көмек керек. Оларды дер кезінде педагогикалық қамқорлыққа алу қажет, орта қысымымен жалғыз қалдырмау керек. Шұғыл жағдайда 111 сенім телефонына қоңырау шалыңыздар. Кешіктірмеңіздер. Бала денсаулығы мен өмірі қыл үстінде», – деп ескертті Оспанова.
БҰҒАН ДЕЙІН
Енді мектепте бала смартфон қолданса, ата-анасына айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы сенат кулуарында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді.