«Отанымды жемей» - журналист блогерді жазалау керегін жазды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қазақстандық ақпараттық кеңістікте «Шай в большом городе» фильміне қатысты дау күшейіп жатыр. Әлеуметтік желіде фильмді насихаттау мақсатында түрлі манипуляциялар жасалып жатқаны туралы пікірлер көбейген. Журналист Кәмшат Тасболат осы мәселеге байланысты фейсбук желісінде көлемді жазба жариялап, фильм командасы мен блогер Құралай ханымның әрекетін өткір сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Журналист Кәмшат Тасболат өз жазбасында фильмге адам тарту үшін қолданылған тәсілдерді «манипуляция» деп атады:

«Достар, анау "Шай в большом городе" деген фильмге адам тарту үшін нешетүрлі манипуляцияның жасалып жатқанын көріп отырмыз».

Алайда ең үлкен дау тудырған мәселе – Құралай ханымның қоғам белсенділері мен фильмге сын айтқандарға қарата айтқан сөзі. Оның “Отан” сөзін боғауыз мағынасында қолдануы журналистің ашуын туғызған. Кәмшат Тасболат бұл сөзге құқықтық баға берілу қажеттігін атап өтті:

«Құралай ханымның “Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді” деген сөзіне құқықтық баға беріле ме? Заң аясында шара қолданыла ма?»

Ол бұл әрекет «Отан» ұғымын қорлау екенін жазды:

«Отан деген қастерлі ұғымды қорлап, әдетте боқтанғанда айтылатын сөздің орнына қолдану құқықтық, этикалық тұрғыдан дұрыс па? Қай орысты көрдің “родина” сөзін қорлаған? Ағылшын бар ма “homeland, country” сөзін қорлаған? Отаның ұнамай ма, кім ұстап тұр?»

Журналистің айтуынша, өткен жылы елімізде боқтанғаны үшін 8000-нан астам адам әкімшілік жазаға тартылған.

«Мәселен, өткен жылы елімізде боқтанған 8000-нан астам адам әкімшілік жазаға тартылып, 70 мың теңге айыппұлын төлепті. Бұл жерде өзін коучпын, танымалмын деп отырған мына әйелді де басқаларға сабақ болу үшін айыппұлмен жазалау керек емес пе?»

Оның пікірінше, Құралай ханым ресми түрде кешірім сұрап, әкімшілік кодекс бойынша айыппұл төлеуі тиіс. Сонымен қатар, журналист фильм жанрының сапасын сынға алып, көрерменді түрлі тәсілдермен кинозалға тарту әрекетін «қорлау» деп атады:

«Кино түсіре алмайсыңдар ма, халықты қорлап, мал сияқты кинозалға манипуляциямен айдап апарамыз деп ойламаңдар. Кәсіби режиссер Ермек Тұрсыновтың жылайтынындай да бар ғой. Кино жанры сол Анандидің ар жақ-бер жағы боп тұр».

Ол бір салада кәсіби бола алмай, түрлі бағытта ақша табуға ұмтылатын тұлғаларды да сынға алды:

«Ақша үшін бірде түрлі гивтер ұйымдастырып, бірде психологиялық тренингтер өткізіп, Фигаро анда, Фигаро мында боп жүргендер – нағыз түк бітірмегендер. Бір саланың маманы болмай, он салада ақша үшін жүгірудің түбі денсаулыққа да, болашаққа да кері әсерін тигізеді».

Қазір әлеуметтік желіде фильмге бойкот жариялау басталғаны айтылуда. Журналист қоғамды бұзақылыққа емес, құқықтық жолмен әрекет етуге шақырып, Құралай ханымды заң алдында жауап беруге үндеді.

АЙТА КЕТЕЙІК

"Шай в большом городе"  белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі Мөлдір Мұқанованың алғашқы фильмі. Ал Құралай ханым атышулы әлеуметтік желіде белсенді азамат. Өзін коуч деп таныстырады.