"Тек Сатыбалды": Сұлтанғазиев облыста жерінен айырылғандар туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, Қарасай ауданында, Үшқоңыр аумағында 3400 гектар жер мемлекетке қайтарылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Редакция сұрағына жауап берген әкім белгілі жер иелерінің аты-жөнін атаудан бас тартып, тек бір фамилияны — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған немере інісі Қайрат Сатыбалдының есімін ғана атады.

— Облыс бойынша шамамен 500 мың гектар жер қайтарылды, оның 300 мың гектардан астамы экономикалық айналымға енгізілді, — деді Сұлтанғазиев.

КОНТЕКСТ

2025 жылдың басында Үшқоңырдағы кемінде 9 мың гектар жер мемлекеттік «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» балансына өткенін хабарланған. Бұл деректер Біртұтас мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында көрсетілген.

Бұл учаскелер Назарбаевқа тиесілі «Байтау» қорының резиденциясы маңында орналасқан. 2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл резиденцияны немере інісіҚайрат Сатыбалдыдан алған. Ол уақытта Сатыбалды ұрлық және заңсыз иемдену істері бойынша тергеуде болған.

Шамалған ауылдық округіне қарасты Қарасай ауданындағы үш ірі жер телімі бұрын марқұм Болат Назарбаевқа — экс-президенттің інісіне тиесілі болған. Ол Үшқоңырдағы бұл кең аумақты өзіне қарасты жеке компаниялар арқылы иеленген.