Атысты тоқтату және бақылау - Бейбіт келісімге Еуропарламент талаптары

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропалық парламенттің мәлімдеуінше, кез келген бейбіт келіссөздің негізінде халықаралық құқыққа сүйенген және Украина мен Еуропаның қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған Еуропаның бейбітшілік стратегиясы жатуы тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

27 қараша күні Еуропалық парламент «Еуропалық одақтың ұсынылған жоспарға ұстанымы және Украинада әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қатысуы» туралы қарар қабылдады. Оған 401 депутат қолдап дауыс берсе, 70-і қарсы шықты, 90-ы қалыс қалды. Қарарда Еуропалық одақ пен оның мемлекеттері Еуропа қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік алып, Украинаны барынша қолдап, бейбітшілікке белсенді қатысуға шақырылды.

Құжатта Ресейдің бейбітшілікке мүдделі еместігі, украин халқы мен инфрақұрылымына шабуылдарын жалғастырып жатқаны айтылды. Сонымен қатар АҚШ-тың бастамалары халықаралық құқық пен Еуропа қауіпсіздігіне адалдығына қатысты күмән туғызғаны көрсетілді.

АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҚ

Еуропарламент «шын мәніндегі келіссөздер» трансатлантикалық қауымдастықтың саяси, әскери және экономикалық күшіне сүйенген жағдайда ғана әділ әрі тұрақты бейбітшілікке жол ашады деп санайды. Стратегия халықаралық құқыққа негізделіп, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуі тиіс.

«Бейбітшілік агрессорға жеңілдік берумен емес, Украинаны үздіксіз қолдау және Ресейді болашақта жаңа агрессиядан тежеу арқылы орнайды», – делінген қарарда.

АТЫСТЫ ТОҚТАТУ АЛҒЫШАРТЫ

Алғышарт ретінде атысты тоқтату және оның орындалуын бақылау қажеттігі айтылды. Украинаға Еуропалық одақ пен АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері берілуі тиіс. Қақтығыс аймағына Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі мандатымен халықаралық бітімгерлік миссиясы орналастырылуы қажет. Міндетті талаптардың бірі – Ресей әскерін Украина аумағынан толық шығару. Еуропалық одақ пен оның елдері уақытша оккупацияланған аумақты Ресейдің жері ретінде ешқашан мойындамайды.

Бейбіт келісім Ресейдің Украинаға келтірген барлық материалдық және моральдық шығынды өтеуін, агрессия мен әскери қылмыстар үшін толық жауапкершілік алуын, тұтқындарды, заңсыз ұсталған азаматтарды және ұрланған балаларды қайтаруын міндеттеуі тиіс. Сонымен қатар Ресейдің Еуропалық одақ пен серіктестеріне қарсы гибридтік соғысты тоқтатуы талап етіледі.

САНКЦИЯЛАР ТУРАЛЫ

Қарарда Ресей келіссөзден бас тартса, қосымша қатаң санкциялар енгізу қажеттігі айтылды. Ал Украинаға мұздатылған ресейлік активтер есебінен «репарациялық несие» төлеу мәселесі Еуропалық одақтың қатысуынсыз талқыланбайтыны баса көрсетілді.