Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен кетті

Сырым Қаржас
Қазақстан күрес федерациясы

Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен өз еркімен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кеше, 5 желтоқсанда Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының отырысы өтті.

Жиын барысында қатысушылар 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстардағы нәтижелерін талқылап, жаңа маусымға қойылған міндеттерді қарастырды. Сондай-ақ федерация президентін сайлау өтті.

Бұған дейін қызмет еткен Дәулет Тұрлыханов өз еркімен бұл қызметтен кеткенін мәлімдеді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Бүгін мен Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметін аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл сәтті мен терең алғыс сезімімен және ішкі тыныштықпен қабылдаймын. Өзінің жүрегін Қазақстан күресін дамытуға арнап, соңғы төрт жылда бірге еңбек еткен әрбір жанға – бапкерлерге, спортшыларға, өңірлік федерацияларға, төрешілерге, дәрігерлерге, массажистерге, серіктестерімізге және күн сайын табанды еңбек еткен барлық азаматтарға шынайы алғыс айтқым келеді, – деді Тұрлыханов.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ

Жиынға қатысушылардың шешімімен федерацияның жаңа президенті болып Еркін Оқасов сайланды.

– Күрестің туын түсірмей, қазақ спортын әлемге асқақтата беру үшін бар күш-жігерімді саламын. Сенім білдірген барша жандарға мың алғыс және өздеріңіздің қолдауларыңыз арқылы талай белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін, – деді Еркін Оқасов. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Дәулет Тұрлыханов тағы бір лауазымынан айырылғанын жазған едік. Тұрлыханов UWW ASIA президенті сайлауындағы жеңілісінен кейін Біріккен күрес әлемі (UWW) бюросындағы орнын да жоғалтты.

ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ 

Дәулет Тұрлыханов – кеңестік және қазақстандық грек-рим күресінің балуаны және жаттықтырушысы, Қазақстан әжілісінің депутаты. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.