Қазақстан Қашағаннан Қытайға 50 мың тонна мұнай жібереді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан желтоқсан айында Қашаған кен орнынан Қытай бағыты арқылы алғаш рет 50 мың тонна мұнай экспорттамақ. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің 44-ші отырысының кулуарында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, әңгіме жаңа бағыт ашу туралы емес, бұрыннан бар бағыттарды пайдалануға қатысты.

— Мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Бұл — бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған маршрут, сондықтан оны қолдануға болады. Егер акционерлер Қытайға мұнай жеткізуді қаласа және техникалық тұрғыда мүмкіндік болса — мархабат, — деді министр.

Ал жеткізілім көлемін арттыру мәселесі әзірге ашық күйде қалып отыр және бұл мұнай компанияларының өзіне байланысты болмақ.

— Мұның бәрі жүк жөнелтушілерге байланысты. Егер олар осы бағыт бойынша көлемді сақтауды немесе ұлғайтуды қаласа, энергетика министрлігі қарсылық білдірмейді, — деп атап өтті Ақкенженов.

Сондай-ақ министр мұнай бағасына қатысты болжам жасап, барреліне 60–65 доллар шамасын атады.