Қазақмыс жаңа акционерге көшу туралы негіздемелік келісімге қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Келісімге «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімі бойынша қол қойылды. Құжатқа қол қою бақылауды тапсыру процесінің басталғанын білдіреді. Таяуда белгіленген рәсім аясында келісім бойынша барлық тиісті іс-шаралар мен міндеттемелер жүзеге асырылып, компанияның үлесін сатып алу-сату келісімшарты жасалады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарының сақталуына көңіл бөлінеді. Салалық нормаға сәйкес, тау-кен-металлургия секторында компания үлесінің не акциясының иесін ауыстыру үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің арнайы рұқсатын алу талап етіледі.
ПРОЦЕСС
Сондай-ақ серіктестерін, кредиторларды, миноритарлық қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды хабардар ету процесі жүргізіледі. Бұл шаралар процестің ашықтығын, дер кезінде ақпараттандыруды және барлық нормативтік талаптарды, оның ішінде компанияның қызметіне қатысатын тұлғалар алдындағы міндеттемелерді сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Қол қойылған құжатқа сәйкес, акционердің ауысуы өндірістік және операциялық процестерге, келісімшарттық міндеттемелерге, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етпейді. «Қазақмыстың» қызметі штаттық режимде, ал ағымдағы және перспективалық жобаларды іске асыру – қолданыстағы стратегиялық жоспарға сай жалғасады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін National Business Kazakhstan тілшілері “Қазақмысты” қазақстандық миллионер Нұрлан Артықбаев сатып алатынын хабарлаған болатын.
Qazaq Stroy баспасөз қызметінің NBK-ге берген жауабында «Қазақмыстың» стратегиялық басымдықтары меншік иесі ауысқаннан кейін сақталатыны айтылған.