Депутат Ерлан Әбдиев аутизмі бар балаларды және олардың ата-аналарын қорлайтын блогерлерге берілетін жазаны күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутат кейінгі уақыттарда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалғанын атап өтті. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы қорлау, өшпенділік тілі күшейді.
- Атап айтқанда, осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды. Екінші мысал. Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық.
Хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек! Әйтпесе кез-келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп емін-еркін жүре бермек, – дейді депутат.
Депутат әлеуметтік желі надан адамның қолында қаруға айналып бара жатқаны қорқытатынын атап өтті.
- Бұл қоғамдағы әлеуметтік дистанцияның өскенін және стигманың көрінісін көрсететін дабыл. Бүгінде Қазақстан медициналық модельден әлеуметтік модельге өтуде. Бұл психологиялық тұрғыда күрделі процесс, қабылдау кезеңдері бар: бастапқы терістеу, қарсылық, түсінбеушілік, содан соң жаңа шындықты қабылдау, – дейді депутат.
Әбдиевтің сөзінше, соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген бар болғаны 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Қаражат шағын, бытыраңқы жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады.
- Айта кету керек, республикалық бюджетті талқылау кезінде мен инклюзивті бағытты күшейту үшін 11 мемлекеттік органға үш жылға 6,6 млрд теңге (жылына 2,2 млрд) бөлу жөнінде түзету енгізген болатынмын. Алайда сол мемлекеттік органдар «қосымша қаражат керек емес» деген сылтаумен ұсыныс қолдау таппады, – дейді ол.
ҰСЫНЫС
– мүгедектігі бар адамдарға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыратын кешенді мемлекеттік коммуникациялық стратегия әзірлеу;
– өшпенділік тілінің алдын алатын, ғылыми негізделген ақпарат беру;
– 2026 жылға арналған «Кемсітушілікке нөлдік төзімділік» Ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау.
– әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы дискриминациялық контентке жедел әрекет ету;
–инклюзияны арттыру бойынша облыстардың әкімдеріне нақты индикаторларды енгізу.