Жаңбыршин Темірлан Еңсебектің тергеуіне қатысы барын жоққа шығарды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өткен аптада полицияға шақырылған Qaznews24 сатирикалық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты ешқандай арыз жазбағанын мәлімдеді. Ол бұл туралы Ulysmedia.kz-ке парламент дәлізінде айтты.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың сөзінше, оның өтініші шынымен бар, алайда онда Еңсебектің аты-жөні көрсетілмеген және ол бұл адамды «мүлде танымайды».

— Менің арызым бар, бірақ онда бұл адамның фамилиясы жоқ. Мен оны мүлдем білмеймін, көрген де емеспін, — деді Жанбыршин.

Ол полицияға жүгінуіне Instagram-дағы бір парақшаның жарияланымы себеп болғанын түсіндірді. Сол жазбада депутатты «гей» деп көрсеткен. Оның айтуынша, бұл — сатира емес, абыройын таптау.

— Бұл сатира емес, мазақ ету. Сол себепті кімнің жариялағанын анықтау үшін арыз жаздым. Ол пост менің ар-намысыма тиеді. Авторды анықтау керек. Онда фамилия жазылмаған, — деді депутат.

Жаңбыршин жазбаны нотариалды куәландырылған скриншоттармен бірге жазда eGov арқылы жолдағанын айтты. Автордың нақты аты көрсетілмеген.

— Мынау қайдағы әзіл? Бұл сатира емес, мазақ. Әдейі осындай дүниелерді жасайды. Аймағамбетов туралы да, Мұсабаев туралы да жазды. Дәулет Тұрлыханов бар. Тіпті Президент Тоқаевты Қытайда жұмыс істеп жүргенде қытай шапкасын жарнамалады деп салған. Бұл сатира ма? Мораль деген болуы керек қой, — деді ол.

Депутат Темірлан Еңсебектің неге дәл өзі тергеуге шақырылғанынан хабарсыз екенін айтып, журналистерге осы мәселені өздері зерттеуді және полициядан ресми материалдар сұратуды ұсынды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы, блогер Темірлан Еңсебек тағы да полицияға шақырылды. Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалған.