Қазақстандық «Кадет» хорроры Ресейдің стриминг сервистерінен алынып тасталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СЮЖЕТ
Фильм жалғызбасты ана Алина туралы. Ол ұлы Серікті әскери мектепке жібереді, алайда бала ол жерде буллингке тап болады. Картинаның трейлері осы материалдың соңында ұсынылған.
ТЫЙЫМ
Платформаларға шыққанына бір апта өткен соң, фильмде суицид көріністері бар деген шағымнан кейін Роскомнадзор шешімімен өшірілген. Стриминг сервистері фильмді қайта орналастыруға дайын, бірақ ол үшін редакцияланған нұсқа қажет. Алайда режиссер Әділхан Ержанов өзгеріс енгізуден бас тартып, цензура туралы қатаң пікір білдірді.
- Мен әрқашан шығармашылыққа араласуға қарсымын және қандай да бір көріністерді қиып тастау мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл – “Анна Каренина” романынан финалды алып тастаумен бірдей. Немесе “Ромео мен Джульеттаның” соңын кесіп тастаумен тең. Онда да суицид бар ғой, — деді ол Afisha Daily басылымына берген сұхбатында.