Қазақстан авиациялық керосинді Қытайдан сатып ала бастады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан алғаш рет Қытайдан авиациялық керосин партиясын сатып алды және алдағы уақытта бұл тәжірибе жалғасуы мүмкін, деп жазады Ulysmedia.kz.

Алғашқы сатып алу

Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметінше, CNPC-нің еншілес компаниясы — Душаньцзы мұнай-химия кәсіпорны Қазақстанға 17 автоцистернамен 440 тоннадан астам авиациялық керосин жөнелткен. Бұл — Қазақстанның Қытайдан әуе керосинін сатып алған алғашқы жағдай.

- Бұл жалпы салмағы мың тонна болатын авиациялық керосинге жасалған алғашқы тапсырыс. Ол Қазақстанның осы жанармай түріне деген нарықтық сұранысын өтеу бағытындағы маңызды қадам, — деп жазады «Синьхуа».

Агенттік CNPC еншілес компаниясының қазақстандық тараппен ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті. Яғни Қазақстаннан мұнай сатып алып, оны өңдеп, қайтадан дайын өнім — әлдеқайда қымбат авиа керосин түрінде экспорттау жоспарланып отыр.

Жанармай тапшылығы

CNPC Қазақстанда кеңінен орналасқан: компания «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на иелік етеді, Шымкент мұнай өңдеу зауытын басқарады, сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Ұлытау облыстарындағы бірқатар мұнай жобаларында үлесі бар. Енді қытайлық корпорация Қазақстанға, мүмкін, сол қазақстандық мұнайдан өндірілген авиациялық керосинді де сатып отыр.

Қазақстанда авиациялық керосин тапшылығы жылдар бойы шешілмей келеді: дефицит 34,4% деңгейінде бағаланады, ал бағаның шектен тыс жоғары екені туралы бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтқан. Осы жағдайға байланысты Қазақстан шетелден, әсіресе Ресей мен Қырғызстаннан, авиациялық отын импортын ұлғайтып жатыр.

Бізден сізге мұнай, сізден бізге керосин

Сонымен қатар, Қазақстан Қытайға мұнай экспортын көбейтті. КҚК терминалына украин дрондарымен жасалған шабуылдан кейін Қазақстан алғаш рет Қытайға Қашаған мұнайын жөнелтті. Демек, Астана Бейжіңді мұнаймен қамтамасыз етіп, ал оның орнына сол мұнайдан өндірілген авиациялық керосинді қомақты үстеме бағамен қайта сатып алатын түрі бар.