Етті сараптамасыз сататындар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Қазақстанда ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген етті сатқандарға жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы сенат кулуарында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, бұл нормалар парламентте қаралатын ветеринария туралы заң жобасына енгізілуі тиіс. Бердалин қазіргі айыппұлдар заңбұзушыларды тоқтатпайтынын атап өтті.

— Адамдар мемлекет салатын үш айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан қорықпайды. Оларға қойылатын басқа талап жоқ. Айыппұлдық санкциялар олардың бұл әрекетті жалғастыруына кедергі келтірмейді, — деді ол.

Вице-министр заң жобасында тиісті ветеринариялық құжатсыз ет сатқандарға қатысты санкцияларды қатаңдату, тіпті қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылғанын айтты. Ол Алматыда болған жақындағы жағдайды мысалға келтірді.

— Жақында біздің инспекторлар полиция қызметкерлерімен бірге базарда жұмыс жүргізді. Сонда бір азамат мөрді өзі жасап алып, тушаларға соғумен жүрген. Сондықтан мұндай әрекеттер айыппұлмен емес, қылмыстық жауапкершілікпен қаралуы керек, — деді ол.

Бердалин министрлік еттің қозғалысын қадағалау жүйесін кеңейтуді көздеп отырғанын да түсіндірді. Қазір бұл жүйе мемлекеттік мекемелерде іске қосылған, кейін мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану нысандарын да қамтитын болады.

— Біз соңғы сатып алушыға дейін көре білуіміз керек. Жүйе еттің қай қасап пунктінен шыққанын, қай мектепке жеткізілгенін, қанша килограмм әкелінгенін көрсетеді, — деді ол.

Оның айтуынша, тағы бір өзгеріс — ветеринариялық инспекторларға арнайы рәсімсіз жеке нысандарды тексеруге тыйым салатын Кәсіпкерлік кодекстің 129-бабына қатысты.

— Кәсіпкерлік кодекс ветеринариялық инспекторларға жеке құрылымдарға баруға тыйым салады. Сондықтан біз ветеринария туралы заңда бұл бапты алып тастауды ұсынып отырмыз. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы кәсіпкер мүддесінен маңызды, — деді Бердалин.

Оның сөзінше, бұл түзетулер бақылауды күшейтуге және қауіпті өнімнің айналымына жол бермеуге бағытталған.