Ұлттық тауар каталогы: бизнестің бағы ма, соры ма?

Ulysmedia
pixabay.com

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Ұлттық тауар каталогы (ҰТК) бірыңғай деректер базасы іске қосылады. Ол ел ішіндегі дүкен  сөресіне түсетін барлық тауар жөніндегі ақпаратты біріктіретін платформа. Бұл қандай жүйе, оны кім әзірлейді және неге оның құрылуы шағын бизнесті алаңдатып отыр деген сауалдарға Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

ҰТК деген не?

12 желтоқсанда өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігі мен Сауда министрлігінің өкілдері ҰТК-ның мәнін және оның не үшін қажет екенін түсіндірді. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтің айтуынша, каталогты енгізудегі мақсат – Қазақстандағы сауданы барынша ашық әрі заманауи ету.

– ҰТК көмегімен, шын мәнінде, еліміздің бірыңғай тауар экожүйесінің іргетасын қалаймыз. Ұлттық каталог тауардың «цифрлық паспорты». Яғни енді цифрлық база тауардың қайдан шыққаны туралы мәліметтен бастап соңғы сатылымына дейінгі толық тізбекті көрсетеді, – деді ол.

Тауарды тіркеу үшін өндіруші немесе сатушы ҰТК порталында жеке кабинет ашуы тиіс (өтінімді қарау мерзімі үш жұмыс күніне дейін). Тауар карточкасын жасау кезінде басымдық өндірушіге беріледі. Сауда министрлігі коммерциялық ақпарат сыртқа шығып кетпейді дегенді алға тартады.

«Сникерстің» мәні туралы

Қазақстан билігі жаңа жүйені енгізу арқылы қазіргі деректер базалары арасындағы алшақтықты жоюды көздейді. Қазір бір тауар құжаттарда үш түрлі кодпен көрсетілуі мүмкін, ал әзірлеушілердің пікірінше, ҰТК бұл мәселені бір кодпен шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда тауар есебінің әртүрлі жүйелері қолданылады. Оның ішінде тауарлар, жұмыстар және қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы (ЕНС ТРУ), сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (ТН ВЭД), экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім классификаторы (КПВЭД) секілді деректері болады. Осыған байланысты кеден статистикасында, мемлекеттік сатып алу сайтында және дүкен сөресінде бір тауар әртүрлі түрде жазылып жүр.

–  Мысалы, «Сникерс». Ол қай жерде сатылса да, «Сникерс». Солай болуы тиіс. Ал қазір «Сникерс» бір жерде шоколад ретінде, басқа жерде азық-түлік ретінде, тіпті кейде жай ғана тауар деп көрсетілуі мүмкін, – деп мысал келтірді қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.

Енді бірнеше кодтың орнына әр тауарға 13 таңбалы NTIN (National Trade Item Number) атты бірегей идентификатор беріледі. Ол барлық жүйеде, жүкқұжаттардан бастап салық құжаттарына дейін, қолданылады. Бұл алшақтықтарды жоюы тиіс. Қызмет көрсету, дайын тамақ сату және қоғамдық тамақтану саласына NTIN талап етілмейді. Тек сатып алынатын тауарлар мен жартылай фабрикаттар тіркелуі керек. Бірнеше заттан тұратын жиынтықтар бөлек идентификатор алады. Экспорт жасау NTIN-сыз да рұқсат етіледі, бірақ ондай тауарды ел ішінде сатуға болмайды.

Талап бар, жаза жоқ

Сауда субъектілері жаңа жүйеге алдын ала бейімделуі үшін 1 қаңтарға дейін Қазақстанда өтпелі кезең болып саналады. 2026 жылдан бастап ҰТК-ны қолдану (тауар карточкаларын жасау тұрғысынан) міндетті болады.

– 1 қаңтардан бастап Қазақстан аумағында сатылатын барлық тауарда (импорттық тауарлар да, ел ішінде өндірілген тауарлар да) NTIN болуы тиіс. Бұған тек шикізат пен жеке сатылмайтын, өнім өндіруде ғана пайдаланылатын материалдар кірмейді. Қазір ірі сауда желілерінің тауар есептеу жүйелері түбіртектерде ҰТК-ны қолдана бастады,
– деді Әсет Нүсіпов.

Алайда әзірге бизнеске қатаң талап қойылмайды. «Сникерсті» NTIN-сіз сатудың да ешқандай құқықтық салдары болмайды. Тауарға автоматты түрде бір айға жарамды уақытша код (XTIN) беріледі. Сауда министрлігі бұл тәсіл бизнестің жаңа жүйеге көшуіне көмектеседі деп отыр. Сондықтан әзірге ешкімге айыппұл салынбайды.

– Қазіргі уақытта ешқандай айыппұл, жаза немесе бұғаттау қарастырылмаған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте мұндай норма жоқ. Біз ұлттық каталогты бақылау құралы емес, бизнеске ыңғайлы құрал ретінде жасап жатырмыз, – деп сендірді Әсет Нүсіпов.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, ҰТК дерекқорында қазірдің өзінде шамамен 15 млн тауар тіркелген. NTIN кодтары бар 10 млн-нан астам чек фискалдық деректер операторларына жіберіліп отыр. Елдегі бақылау-кассалық аппараттардың шамамен 80%-ы ҰТК-ға қосылған және қажетті кодтарды автоматты түрде қолданады.

– ҰТК-ны біздің ведомстволық ұйым – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ өз күштерімен, «Қазақтелеком» серіктестігімен бірлесе әзірлеп жатыр. Барлық кәсіпкер үшін жүйеге тіркелу тегін. Қазір Үкімет тапсырмасы бойынша Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, мемлекеттік сатып алу порталының негізгі жүйелерімен интеграция жүргізіліп жатыр. Біз жасанды интеллект қолданамыз, ол модерация жүргізіп, өте көп көлемдегі өтінімдерді өңдейді. Бүгінде номенклатура бойынша модерацияда шамамен 749 мыңға жуық өтінім бар, - деді Әсет Тұрысов.

Жасанды интеллект әр тауарды тіркеу кезінде қаншалықты «бүйрегі бұратынын» және рәсімдеу барысында болмашы қателіктер үшін өтінімді қайта-қайта түзетуге жібермейтіні жөнінде вице-министр нақтыламады. 2026 жылы ҰТК тәжірибелік пайдалануда болады, яғни қатаң бақылау, әкімшілік жауапкершілік және өзге де шектеу болмайды. Бір жыл ішінде үкімет туындайтын мәселелерді анықтап, бизнес өкілдерімен талқылап, оларды шешуді жоспарлап отыр.

– Бизнес чек соға алмай қалады, шот-фактура немесе декларация жасай алмай қалады деген күдіктерді бірден жоққа шығарғым келеді. Ешқандай бұғаттау болмайды, Мемлекеттік кірістер комитеті де ешқандай жаза қолданбайды, – деп сендірді қаржы вице-министрі.

Электронды саудаға нүкте қойыла ма?

Алайда кәсіпкерлер алаңдап отыр әрі алаңдаушылықтары орынды. Маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін шағын сатушылар жаңа жүйе олардың бизнесін тұншықтыруы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені NTIN алу үшін барлық тауарды ресми түрде импорттап, баж салығын төлеп, декларация жасап, контейнер жалдау қажет болады. Журналистер осындай сатушылар енді не істейтінін сұрады. Көпшілігіне карго арқылы жұмыс істеу үйреншікті, яғни кедендік рәсімдеудің толық циклінсіз, тек салмағы үшін ақы төлейтін жеңілдетілген, көбіне «көлеңкелі» схема. Бұл контейнермен заңды импорттаудан әлдеқайда арзанға шығады. Алайда мұндай жолмен елге контрафакт өнімдері кіретіні жасырын емес. Әсет Нүсіпов келесі жылы Қазақстан ЕАЭО-ның ішкі сауда келісімін ратификациялайтынын, сол арқылы электронды саудадағы барлық тауарды құнынан және салмағынан тәуелсіз декларциялау міндетті болатынын еске салды. Сондықтан ҰТК болсын, болмасын, карго арқылы импорт мүмкіндіктері азаяды.

– Шамамен 2026 жылдың ортасынан бастап, мүмкін одан да ертерек, 200 еуро және 31 килограмм шегінен төмен тауарларды да декларциялау талап етіледі, – деді Сауда министрлігінің өкілі.

Оның айтуынша, министрлік маркетплейстермен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. ҰТК-ға қатысты барлық туындайтын сұрақтар өтпелі кезең аясында талқыланып жатыр. Ал Әсет Тұрысов, өз кезегінде, жұртты тыныштандыруға тырысты: оның сөзінше, карго арқылы әкелінген тауарға да NTIN алуға өтініш беруге мүмкіндік болады.  

– Алдағы уақытта түбегейлі өзгеріс болмайды. Қандай да бір тауар ҰТК-да жоқ болса, оны шекарада ешкім тоқтатпайды. Импорттаушыларға да, брокерлерге де, клиенттерге де қиындық тудырмас үшін XTIN деген уақытша код беріледі. Қазіргі карго процесі қалай жүрсе, солай жалғаса береді. Оның өз рәсімі бар. Біздің басты мақсат – бизнесті шекарада да, сатылымда да тежемеу. Егер сіз тауарды әкеліп қойған болсаңыз және оны сатқыңыз келсе, ешкім кедергі болмайды. Жүйе әзірше тәжірибелік пайдалану кезеңінде. Ал 1 қаңтардан бастап шекарада бәрін базаға жедел енгізу қажет болады деп ойласаңыз, олай емес. Кезең-кезеңімен көшу жүзеге асады, –  деп уәде берді Қаржы министрінің орынбасары.

Алайда Сауда және интеграция министрлігінің Тауарларды цифрландыру және таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтегалиев NTIN алу және импорттық тауарды Қазақстанда заңды сату үшін қажетті сертификаттар болуы шарт екенін ескертті. Бұл «көлеңкелі» импорттың «қара» импортқа айналуын білдіреді.

– Маркетплейстерде бұл тауарларды сату үшін сәйкестік сертификаттарын алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұл декларациясыз тауарды сатуға болмайды. Ал сертификат алу үшін NTIN болуы қажет, – деді Өтегалиев.

Байқап отырғанымыздай, маркетплейстер арқылы саудаға қатысты мәселелерді алаңсыз шешу сауда алаңдарының басшылығы деңгейінде қаралатынға ұқсайды. Бұл келіссөздердің қандай нәтиже беретіні және билік кәсіпкерлердің күдігін сейілте ала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Үнемдеу ме?

Жүйені әзірлеушілер бизнеске алаңдамауды ұсынады және ҰТК кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді деп сендіреді. Құжаттар жылдамырақ рәсімделмек, оларды толтыру кезіндегі қателіктер азаяды, тұтынушылар адал баға қалыптастыруға қол жеткізеді, ал мемлекет жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемдей алады. Алайда жүйе әлі тәжірибелік түрде де толық сыналып көрмегендіктен, бұл уәделердің қаншалық шындыққа жақын екенін бағалау қиын. Осы арада Сауда министрлігінің ҰТК-ны, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін, техникалық реттеу жүйесін біріктіріп, сатып алушының тауар жөніндегі негізгі ақпаратты –  оның шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін бірден көру мүмкіндігін қамтамасыз етуді жоспарлап отырғаны белгілі. Бірақ бұл алдағы уақыттың перспективасы. Қазір ең маңыздысы билік пен бизнес ҰТК-ның нақты жағдайда қалай жұмыс істейтінін толық түсініп алуы қажет.