"Лукойлдың" Қазақстандағы активтері әзірше сатылмайтын болды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сату мәселесі бойынша шешім қабылдау мерзімі қаңтардың ортасына дейін ұзартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәміле төңірегіндегі жағдайға түсініктеме бере отырып мәлімдеді. Бұған дейін шешім желтоқсан айының ортасына дейін қабылданады деп жоспарланған еді. Ведомство бұл мерзімді АҚШ Қаржы министрлігі белгілеген және ол 13 желтоқсанда аяқталуы тиіс болған. Кейін дедлайн қаңтардың ортасына дейін ұзартылған.

— Бұл мерзімді АҚШ Қаржы министрлігі бекіткен. Қазіргі таңда ол қаңтардың ортасына дейін ұзартылды. Біз осы уақыттың аяқталуын және одан кейінгі қадамдарды күтіп отырмыз. Қазіргі сәтте үкімет аталған активтерді сатып алу бойынша ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ, — деді Ерлан Ақкенженов.

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЖОҒАРЫ

Министр Қазақстан тарапы активтерді сатып алу туралы келіссөздерге қатыспайтынын атап өтті. Дегенмен, оларға қызығушылық танытып отырған компаниялар аз емес. Олардың қатарында америкалық компаниялар мен өңірдегі көршілес елдердің кәсіпорындары да бар.

— Әлемде бұл активтерге қызығушылық білдіріп отырған компаниялар жеткілікті. Алайда Қазақстан Республикасының Мұнай және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне сәйкес, мемлекетте басым құқық бар екенін еске салғым келеді. Болашақта осы құқықты пайдаланамыз ба, жоқ па — оны өзіміз шешеміз, — деп қосты министр.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, ресейлік «Лукойл» компаниясы 2025 жылдың қазан айында АҚШ пен Ұлыбританияның санкцияларына іліккен. Осыған байланысты компания шетелдегі активтерін сату процесін бастағанын жариялаған. Сонымен қатар, Қазақстандағы бірқатар ірі жобаларға санкциялық режимнен ерекше жағдайлар қарастырылып, олар операциялық қызметін шектеусіз жалғастырып келеді.