Көлікті қанша минут қыздыру керек

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қыста тұрғын үйлердің ауласында көлікті ұзақ уақыт қыздыру мәселесі жиі талқыланды. Биыл қаңтарда Петропавл тұрғынына көршілердің шағымынан кейін көлікті бес минуттан артық қыздырды деген айыппен 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кейін бұл шешім дәлелдің жоқтығынан күшін жойды. Дегенмен, тұрғындар жүргізушілерді видеоға түсіріп, ұзақ қыздырғанын сынға алды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тіпті тәжірибе жасап, көлігін бес минутта қыздырғанын видеоға түсірді. Ол бұл уақыт Астананың суығына да жеткілікті екенін айтқан.

АЙЫППҰЛ ТЕК ШАҒЫМ БОЛСА ҒАНА

Заңда нақты уақыт көрсетілмеген. Жол қозғалысы ережесінде: «Қозғалтқышы қосулы көліктің тұрғын аймақта тұруы тұрғындарға қолайсыздық тудырса, тыйым салынады» деп жазылған. Яғни шағым болмаса, айыппұл да жоқ. «Бес минут» таласы ережедегі «көліктің қозғалысын бес минуттан артық тоқтату» анықтамасынан шыққан.

ДЕПУТАТТАРДЫҢ ШЕШІМІ

Мәжіліс заңға түзету енгізді. Енді көлікті қозғалтқышы қосулы күйде қанша уақыт прогрев жасауға болатынын жергілікті атқарушы органдар — әкімдіктер белгілейді.

Ережеден электромобильдер мен арнайы қызмет көліктері босатылады.

Астана, Алматы, Шымкент және облыстардағы акиматтар өз өңіріне сәйкес уақытты өздері анықтайды. Заң қабылданып, Сенат қарауына жіберілді.