Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Human Rights Watch халықаралық ұйымының Қазақстандағы журналистерге қатысты мәлімдемесіне жауап берді. Министрдің сөзінше ұйымның үндеуі елдегі нақты ахуалды толық білмеуден туған және соңғы күндері қасақана таратылып жатқан негізсіз ақпараттарға сүйенген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Балаева өз сөзінде Қазақстанда кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында «азаптау» туралы дәлелсіз мәлімдемелердің әдейі таралып жатқанын айтады.
«Соңғы күндері Қазақстанда кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында “азаптау” туралы негізсіз ақпараттар әдейі таратылып жатыр. Аталған істер бойынша жауапкершілікке тартылғандардың арасында медиа саласының өкілдері де бар. Алайда бұл жағдайды журналистерге жүйелі қысым көрсетіліп жатыр деп көрсету – шындыққа жанаспайды», – деп жазды министр.
Министр кейінгі уақытта кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тарапынан тергеу барысында «азаптау болды» деген айыптаулар жиі айтылып жүргенін атап өтті. Алайда мұндай тұжырымдар нақты дәлелдерге негізделуі тиіс деп есептейді.
«Адам құқықтарының бұзылуы туралы кез келген мәлімдеме нақты фактілерге, дәлелдерге және заң талаптарына сүйенуі керек. Эмоцияға немесе қоғам назарын аударуға бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі тиіс», – деп жазды министр.
Министрлік өз құзыреті аясында журналистердің құқығын қорғауға және істердің әділ әрі ашық сотта қаралуына барлық жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Аида Балаева халықаралық ұйымдар мен БАҚ-ты асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Соңғы апталарда Қазақстан билігі тәуелсіз журналистер мен медиаларға қысымды күшейтті. Бұл туралы бүгін тоғыз құқық қорғау ұйымынан құралған коалиция мәлімдеген.
Human Rights Watch зерттеуінше, коалиция құрамына Amnesty International, Civil Rights Defenders, Crude Accountability, Freedom for Eurasia, Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы, Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Норвегиялық Хельсинки комитеті кірді.