Украина: кезекті шабуылдан 26 адам жараланды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресей әскері дрондар мен басқарылатын авиациялық бомбаларды қолданып, Запорожье қаласы мен Запорожье ауданына соққы жасады. Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоровтың айтуынша, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимарат және оқу орны зақымданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАРАЛАНҒАНДАР САНЫ АРТЫП ЖАТЫР

Үш ресейлік шабуылдың салдарынан Запорожье қаласы мен Запорожье ауданында кемінде 26 адам жараланды. Жараланғандар саны өсіп келеді, олардың арасында бір бала бар. Бұл туралы 17 желтоқсан, сәрсенбі күні Telegram арнасында Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоров хабарлады.

БАСҚАРЫЛАТЫН БОМБАЛАРМЕН ШАБУЫЛ

Федоровтың дерегінше, Украинаға қарсы агрессивті соғысын жалғастырып жатқан Ресей армиясы Запорожьеге басқарылатын авиациялық бомбалармен соққы жасаған. Тұрғын үйлер, инфрақұрылым нысаны және оқу орны зақымданды. «Облыс орталығында екі тұрғын үйге соққы жасалды. Алдын ала ақпарат бойынша, үйінді астында адамдар болуы мүмкін», – деп жазды ол.

ШАБУЫЛДАР ӘЛІ ДЕ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Украина Қарулы Күштерінің Әуе күштері 17 желтоқсан күні күндіз Ресейдің Запорожье қаласы мен Запорожье облысына авиациялық бомбалар мен дрондарды қолданып шабуыл жасап жатқанын ескертті. Аймақта әуе дабылы жалғасуда.

БАСҚА ҚАЛАЛАРҒА ҚАУІП ТӨНГЕН

Сонымен қатар, Украина Қарулы Күштерінің Әуе күштері Харьков, Херсон және Одесса облысының Черноморск қаласына дрондармен соққы жасалу қаупі бар екенін хабарлады. Кейбір дрондар елдің батыс аймақтарына қарай ұшып бара жатқаны да айтылды.