Жапонияда жүрген қазақ жастары Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға сұқбат берді. Соның бірі - Жапониядағы алғашқы қазақстандық стартаппен айналысатын Ержан Қаратаев.
Ержан Жапонияда жұбайымен тұрады. Олар IT мен инновация саласында жобаларды жүзеге асырады. Стартаптар, технологиялар және инвестициялар бағытында Жапония мен Қазақстанды байланыстырып отырған жастар.
– Біз – Жапониядағы алғашқы қазақстандық стартаппыз. IT мен инновация саласында жобалар жүзеге асырып жатырмыз. Astana Hub-ты жапондық инновациялық хабтармен алғаш болып байланыстырдық, қазақстандық стартаптарды осында әкелдік, сондай-ақ жапон инвесторларын Digital Bridge алаңына панельдік сессияға қатысу үшін шақырдық.
– Стартаптарыңыздың мәні неде?
– Бізде бірнеше жоба бар. Соның бірінде IT және инвестиция саласында Жапония мен Орталық Азияны байланыстырып отырмыз.
– Жапонияда жүргендеріңізге көп болды ма?
– Бұл елде алты жылдан бері тұрып келеміз. Өзім Қостанайданмын, жұбайым Алматының тумасы. Алғашында IT-компанияларда жұмыс істеу үшін келген едік, кейін стартаптармен айналыса бастадық.
– Болашақта Қазақстанға қайтасыздар ма, әлде осында қаласыздар ма?
– Біз мұнда ұзаққа қаламыз деп ойламаймын. Ертең не боларын ешкім білмейді. Мүмкін, басқа елдерге де барып көрерміз. Бірақ түптің-түбінде міндетті түрде Қазақстанға ораламыз және жинаған тәжірибемізді туған елімізде пайдаланғымыз келеді.
– Қазақтарға жапондардан үйренуге тұрарлық үш қасиет қандай?
– Жапондар үшін ұқыптылық, жүйелілік және құрмет аса маңызды. Олар бұл үш қасиетті жеке өмірде де, бизнесте де өте жоғары бағалайды.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияда болады.
Сапар аясында Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесті.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады.