Сарапшы швейцариялықтардан «Казцинкті» сатып алу туралы қауесетке пікір білдірілді

Сырым Қаржас
Фото: Казцинк

Сарапшы Расул Рысмамбетов швейцариялықтардан «Казцинкті» сатып алу туралы қауесетке пікір білдірілді. Glencore International AG – әлемдегі ең ірі шикізат компанияларының бірі, ал «Казцинк» – оның Қазақстандағы негізгі активі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов қазақстандық компаниялар Glencore-мен «Казцинктің» 70% акциясын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

– Менің ойымша, бұл жай қауесет емес, оны жедел ақпарат деуге болады. Сондықтан қазақстандық компаниялардың осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатқаны әбден мүмкін. «Казцинк» өз алдына өте қызық жоба. Аты айтып тұрғандай мырыш қана емес, шын мәнінде онда алтын мен күміс көбірек деп ойлаймын. Мәселен, «Казцинк», нақтырақ айтқанда оның акционері ретінде Glencore – Қазақстандағы ең ірі күміс өндіруші әрі алтын өндіру көлемі бойынша алдыңғы қатардағы компаниялардың бірі екені белгілі. Компанияның аффинаж қуаты бар, ол Шығыс Қазақстан облысындағы, тіпті жалпы Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің бірі, – деді ол Airan-ға берген сұхбатында.

АЙТА КЕТЕЙІК

Glencore Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді және тау-кен металлургия компаниясы «Казцинктің» негізгі акционері саналады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі ретінде тау-кен өндіру саласын дамытуға қатысты ұсыныстар енгізіп келеді. 2024 жылы Glencore Fortune 500 жаһандық рейтингінде 24-орынға ие болды, сондай-ақ Қазақстанда бюджетке төлеген салық көлемі бойынша ірі шетелдік компаниялар арасында 6-орынға тұрақтады.