Өздігімен жүре алмайтын адам алғаш рет ғарышқа ұшты

Ulysmedia
Фото: Blue Origin/AP Photo/picture alliance

Өздігімен жүре алмайтын адам алғаш рет ғарышқа ұшты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Неміс толқыны» басылымының жазуынша, Михаэла Бентаус ғарышқа ұшқан өздігімен жүре алмайтын алғашқы адам атанды. 33 жастағы Германия азаматына сал ауруы ғарыш туризмімен айналысуына кедергі болмаған.

Еуропа ғарыш агенттігінің инженері Михаэла Бентхаус америкалық Blue Origin компаниясы ұйымдастырған шағын ғарыш миссиясының құрамына кірді. 20 желтоқсанда ол өзге де экипаж мүшелерімен New Shepard кемесімен 11 минут ғарыш шекарасында болып қайтты.

Бентхаус 2018 жылы велосипедтен құлап, содан бері жүре алмай қалған. Қазір тек мүгедектік арбамен жүреді.

Контекст

Америкалық миллиардер Джефф Безосқа тиесілі Blue Origin жеке компаниясы ұйымдастырған шағын ғарыш сапарына бірнеше жылда шамамен 80-нен астам дәулетті адам қатысқан. Билет құны жарияланған жоқ.

Қазан айында қазақстандық Дана Қарағұсова да New Shepard кемесімен шамамен 10 минут ғарыш шекарасында болып, ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел атанған. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, ғарышқа ұшу үшін ол шамамен 500 мың доллар төлеген.