Астанада ресейлік әскеридің атындағы көше бар екені туралы ақпарат тарады. Алайда елорда әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл ақпарат Threads желісінде тарады. Жазбада Астанадағы көшелердің бірі ресейлік әскери Магомед Нұрбағандовтың құрметіне аталғаны жазылған.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Әкімдік мәліметінше, Астанада Магомед Нұрбағандов есімі берілген көше жоқ.
Әкімдіктің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Астана қаласындағы көшелердің біріне Магомед Нұрбағандовтың есімі берілді деген жарияланым тараған, алайда қазіргі уақытта ол материал өшірілген.
- Астана қаласында Магомед Нұрбағандов атымен аталған көше жоқ. Бұл атауды беру туралы ешқандай нормативтік-құқықтық акт қабылданбаған. Аталған көше – жобалық атауы бар С192 көшесі, – делінген ресми түсіндірмеде.
Сондай-ақ әкімдік қазіргі уақытта 2GIS және Яндекс компанияларымен бірлесіп, электронды карталарда мұндай атаудың қалай пайда болғанын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Өйткені Google Maps картографиялық сервисінде бұл көше мүлде көрсетілмеген.
- Жақын арада Магомед Нұрбағандов атауы аталған сервистердің электронды карталарынан толықтай алынып тасталады, – деп нақтылады қала әкімдігі.
НҰРБАҒАНДОВ КІМ?
2016 жылғы 9 шілдеде Магомед Нұрбағандов туыстарымен бірге Сергокала ауылы маңында демалып жүрген кезде қарулы топтың шабуылына ұшырады. Таңертең бес адам келіп, оларды оятқан, қысқа қақтығыстан кейін Магомедтің немере ағасы Абдурашид Нұрбағандов оққа ұшты. Ол кәмелетке толмаған Арсенді қорғап қалған.
Магомедтің полиция қызметкері екені анықталған соң, шабуылдаушылар оны інісімен бірге көліктің жүксалғышына күштеп салып, демалыс орнынан алыстатып барып өлтірген. Қылмыскерлер оқиғаны видеоға түсіріп, экстремистік сайттарға жүктеген.
Тергеу барысында топ мүшелерінің бір бөлігі жойылып, екеуі ұсталғаны белгілі болды. Ресми дерекке сәйкес, өлер алдында террористер Магомедтен әріптестерін қызметтен кетуге үндеуін талап еткен. Алайда ол: «Жұмысты жалғастырыңдар, бауырлар!» (Работайте, братья!) деп жауап берген.
Белсенділердің сөзінше, Нұрбағандовтың ұранына айналған бұл тіркес кейін Ресейде империялық-насихаттық ұранға айналып, Украинаға қарсы соғыс аясында кеңінен қолданылып келеді.