Ауғанстанмен шекарадағы қарулы қақтығыс кезінде екі тәжік шекарашысы қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Азаттық радиосының тәжік қызметінің жазуынша, оқиға 24 желтоқсанда Шамсиддин Шохин ауданында болған. Шекарадан контрабандамен айналысқан қарулы топ өкілдері өтпек болған. Атыс кезінде шекара қызметінің сарбаздары қаза болып, тағы бірнеше адам жараланған.
Ресми Душанбе әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Озоди радиосының дерегінше, қарулы қақтығыстан 28 жастағы Исматулло Курбонов пен 33 жастағы Зиребон Наурызбеков қаза болған. Контрабандамен айналысқандардың бірі ұсталған.
Кабулдық "Хашти Субх" басылымы 24 желтоқсанда дереккөзге сүйене отырып, тәжік күштерінің оғынан екі ауған өлгенін жазды. Басылым мәліметінше, олардың есірткі саудасына қатысы бар.
Оқиға Тәжікстан Ауғанстанмен шекарада төрт жаңа шекара пунктін ашқан күні болып отыр. Тәжікстан президенті сайтының хабарлауынша, мемлекет басшысы Эмомали Рахмон күштік құрылым өкілдерімен шараға онлайн қатысқан.
Контекст
Бұған дейін, Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасында бір айда екі рет қытай жұмысшыларына шабуыл жасалды. Соның салдарынан Қытайдың бес азаматы қаза болды.
Пекин шабуылды айыптап, Тәжікстандағы қытай азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Душанбе ауған-тәжік шекарасын күзетуге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштерін тарту туралы өтініш бергені хабарланған. Бірақ Душанбе ақпаратты жоққа шығарды.
Ізінше ҰҚШҰ хатшылығының кеңесшісі Павел Саркисян Тәжікстанның 2024 жылы қабылданған және бес жылға арналған тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның бірінші кезеңі аясында қару-жарақ сұрағанын хабарлады.