АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде америка әскері Нигерияның солтүстік-батысында «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына тиесілі нысандарға «қуатты әрі жойқын» соққы жасағанын мәлімдеді.
Мән-жай
Трамптың айтуынша, аталған лаңкестік топ «көп жылдар, тіпті ғасырлар бойы ең алдымен жазықсыз христиандарды қатыгездікпен өлтіріп келген».
«Бұған дейін мен бұл террористерге егер христиандарды қырып-жоюды тоқтатпаса, ауыр жауапкершілікке тартылатынын ескерткенмін. Бүгін кешке сол ескерту жүзеге асты», – деп түсіндірді Ақ үй басшысы АҚШ-тың әрекетін.
Сонымен қатар Трамп өз басшылығы кезінде Америка Құрама Штаттары «радикалды исламшыл терроризмнің өркендеуіне жол бермейтінін» мәлімдеді. Қараша айының басында ол Нигерияға қатысты әскери қимылдардың түрлі нұсқалары, соның ішінде әскер кіргізу мен әуе соққыларын жасау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді. Ал желтоқсан айында Нигерия азаматтарына АҚШ-қа кіруге ішінара тыйым салынды.
CNN телеарнасының хабарлауынша, 2025 жылы Нигерияда діни негіздегі жаппай қырғындар бірнеше рет тіркелген. Сәуір айында ел президенті Бола Тинубу елдің солтүстігіндегі христиан диқандар қауымына жасалған шабуыл салдарынан кемінде 40 адамның қаза тапқанын мәлімдеген. Ал маусым айында құқық қорғаушылардың дерегінше, халқының басым бөлігі христиандардан тұратын Йелват ауылында 100-ден астам адам өлтірілген.