Кәсіпкер Сергей Ким «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның (құқықтық мұрагері — «Qarmet» АҚ) мүлкін аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша күдікті ретінде екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қаржы мониторингі агенттігінің (АФМ) мәліметінше, «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Ким «АрселорМиттал Теміртау» зауытында материалдарды заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Ведомствоның хабарлауынша, 2015 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу жөнінде келісімшарт жасалған. Алайда бұл келісімде қайта өңдеу қалдықтарын иеліктен шығаруға құқық берілмеген. Соған қарамастан, Сергей Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдаланып, домналық қоспа мен кесек шойынды ұрлау схемасын жолға қойған.
Тергеу нені анықтады
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті шойын мен шлакты зауыт аумағынан шығару үшін өзімен байланысы бар күзет фирмасын тартқан. Күзет қызметкерлері ұрланған металл тиелген көліктердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік берген.
АФМ дерегінше, шығарылған шойын Сергей Кимнің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы сатылған.
— Заңсыз әрекеттер салдарынан 31 мың тоннадан астам өнім ұрланып, келтірілген шығын көлемі 1,8 млрд теңгеден асып түсті, — деп мәлімдеді агенттік.
Қазіргі уақытта Сергей Ким қамауға алынған, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Сергей Ким кім?
Сергей Ким — Қарағанды облысы мен Алматы қаласында бизнесі бар қазақстандық кәсіпкер. Ол 2010 жылдан бері Қарағандыда тіркелген «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры ретінде белгілі.
2020 жылдан кейін компанияның қаржылық көрсеткіштері төмендегенімен, соңғы жылдары төленген салық көлемі қайта өсе бастаған. Атап айтқанда, 2024 жылы 30,7 млн теңге, ал 2025 жылы 17,2 млн теңге салық төлеген.
Сондай-ақ Сергей Ким Қарағандыда тіркелген «Жаңғырған Отан» жеке кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестігін және осы ұйымға қарасты «Жаңғырған Отан» желілік басылымын басқарады.
Сергей Кимнің есімі бұған дейін де ірі бизнес жанжалда аталған. Атап айтқанда, ол Алматыдағы «Кенжехан» базары төңірегіндегі даумен байланысты. Бұл базарды ұзақ жылдар бойы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаевамен байланыстырылып келген. Бұрын базарға иелік еткен негізгі компаниялар дәл осы Назарбаеваға тиесілі болған.