Қай футбол клубтары олигархтардың иелігіне өтті: келесі кім

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда кәсіби футбол клубтарының бір бөлігі жеке инвесторлардың басқаруына берілді. Бұл – футболды коммерцияландыру және мемлекеттік бюджетке толық тәуелділіктен арылу бағытының бір бөлігі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙ КЛУБТАР ЖЕКЕ ҚОЛҒА ӨТТІ

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бес клуб жеке меншікке берілді. Оның төртеуі Премьер-лигада, біреуі Бірінші лигада ойнайды. Тағы бірнеше команда бизнеске өткізу процесінде.

АЛҒАШҚЫ САТЫЛҒАН КЛУБТАР

  • Қызылорданың «Қайсары» қазан айының соңында кәсіпкер Исламғали Қозбақовтың қолына өтті. Жаңа қожайын футбол академиясын салуға қаржы құямын деді.
  • Петропавлдың «Қызылжары» қарашада бизнесмен Сергей Канға берілді.
  • Астананың «Жеңісі» қарашаның ортасында Михаил Ломтадзенің бақылауына өтті. Академияға жер телімі бөлініп, жоба дайындалуда.
  • Қарағандының «Шахтері» қарашаның соңында аукцион арқылы сатылып, Тимур Турлов жаңа иесі атанды. Академия құрылысы басталып кеткен.

КЕЛЕСІ КЕЗЕКТЕГІ КЛУБТАР

«Ақтөбе» клубының тағдыры 2026 жылдың қаңтарында шешіледі. Инвестор ретінде Нұрлан Артықбаев аталып отыр. Сонымен қатар «Оқжетпес», «Елімай», «Тобыл», «Тараз» және «Ертіс» клубтарын беру бойынша келіссөздер жүріп жатыр.