Головкин мен Роналду Сауд Арабиясында жүздесті

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Геннадий Головкин мен Криштиану Роналду Сауд Арабиясында "Әл-Наср" командасының матчынан кейін жүздесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Головкин Сауд Арабиясы чемпионаты аясында Эр-Риядта өткен "Әл-Наср" мен "Әл-Ахдуд" арасындағы ойынды тамашалады. Кездесудің басты жұлдызы Криштиану Роналду болды. Ол дубль авторы атанып, командасына 3:0 есебімен сенімді жеңіс сыйлады.

Қорытынды ысқырықтан кейін Головкин мен Роналду стадионның трибуналық бөлігінде кездесіп қалды. Спортшылар бір-екі ауыз сөз алмасып, бірнеше минут әңгімелесті. Головкин осы сәт түсірілген фото және видеоны әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады.

Аз-кем әңгіме барысында Роналду Головкиннен алдағы уақытта рингке шығу жоспары бар-жоғын сұраған. Қазақстандық боксшы болашақта бір жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты, алайда қазір оның негізгі назары — боксты дамыту мен World Boxing ұйымындағы жұмысы.

КОНТЕКСТ

Айта кетейік, Головкин Криштиану Роналду мен "Реал" клубына бұрыннан жанкүйер. Спортшылар бір-бірімен бұрыннан таныс. Бұған дейін олар бірлескен жобалар мен жаттығуларға қатысқан.