Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмастың» ірі акционерлерінің қатарына қосылды

Inconkz.com

Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd компаниясы Қазақстандағы ең ірі алтын өндірушілердің бірі – «АК Алтыналмас» АҚ-ның ірі акционерлерінің қатарына кірді. Мүтәліп компанияны толық сатып алу туралы келісімге наурыз айында қол қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаржылық есептілік депозитарийінің деректеріне сәйкес, 23 қарашада «Алтыналмастың» дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп пайызына иелік ететін акционерлердің құрамы өзгерген.

Енді олардың қатарында кәсіпкер Владимир Жұманбаев, Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. және Central Asia Resources Holding Ltd бар. Жаңа акционердің үлесі туралы ақпарат жарияланбаған.

Бұған дейін ірі акционерлердің саны екеу болған. KASE деректеріне қарағанда, 2026 жылғы 1 қазанда Gouden Reserves B.V. компаниясына «Алтыналмастың» орналастырылған жай акцияларының 66,39 пайызы, ал Владимир Джуманбаевқа 22,63 пайызы тиесілі болған. Демек, қалған жеті акционердің үлесіне жиынтығында шамамен 11 пайыз тиген.

Central Asia Resources Holding компаниясы 2026 жылғы қаңтарда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген.

Шахмұрат Мүтәліп кім?

Шахмұрат Мүтәліп 35 жаста. Ол Integra Construction KZ құрылыс компаниясының иесі әрі Қазақстан бокс федерациясының президенті.

Forbes Kazakhstan басылымының мамыр айындағы рейтингі бойынша, кәсіпкер Қазақстанның ең бай бизнесмендері арасында 22-орынға жайғасқан. Оның байлығы 482 млн долларға бағаланған.

Биыл Мүтәліп «Алтыналмастан» бөлек, ERG компаниясы арқылы да тау-кен өнеркәсібіне келді. Мамыр айында оған тиесілі Nature Energy Solutions компаниясы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алған.

Мәміле туралы не белгілі?

Еске салайық, наурыз айында Central Asia Resources Holding «Алтыналмастың» 100 пайыз акциясын еншілес компанияларымен бірге сатып алу туралы келісімге қол қойған. Холдинг компанияның барлық тоғыз акционерінің үлесін сатып алуы керек. Алайда мәміленің қашан аяқталатыны сол кезде хабарланбаған.

Бұған дейін «Алтыналмас» «Майқайыңалтын» компаниясын 8,72 млрд теңгеге сатқан. Сатып алушы алтын өндіруші компанияның ірі акционеріне тиесілі Gouden Reserves Kazakhstan болған.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында «Алтыналмастың» акционерлері 254,1 млрд теңге табыс алған.

Сізге қызық болуы мүмкін