«СҚ-Фармацияда» қанша қызметкер жемқорлыққа байланысты жұмыстан қуылған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Астанада өткен брифингте соңғы екі жылда компаниядан сыбайлас жемқорлық схемалары немесе қаржылық заңбұзушылықтар үшін бірде-бір қызметкер жұмыстан шығарылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

— Менің ақпаратыма сәйкес, бүгінгі күнге дейін мұндай қызметкерлер болған жоқ. Себебі нақты қылмыстық істер тіркелмеген, — деді ол ұйым ішіндегі схемаларға байланысты қанша адам жауапқа тартылғаны немесе жұмыстан босатылғаны туралы сұраққа жауап бере отырып.

Асылбековтің айтуынша, компания қызметкерлері сатып алуларды қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізген. Кейбір қызметкерлер тергеу аясында куәгер ретінде шақырылған, алайда тексеру әлі жалғасып жатыр.

Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттатылғаны туралы айыптауларға қатысты ол мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нормативтік актілерге өзгерістер енгізілгенін айтты. Қазір «СҚ-Фармация» сатып алуларды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі порталы арқылы, фронтальды бақылау жүйесін қолдана отырып жүзеге асырып отыр.

— Біз ішкі мониторинг жүргіземіз. Қай жерде төмен баға көрдік, сол бағаны негізге алып, құнын төмендету бойынша келіссөздер жүргізуді өзім тікелей тапсырдым, — деді басқарма төрағасы.

КОНТЕКСТ

Биыл шілде айында Бас прокуратура «СҚ-Фармация» ЖШС-не қатысты Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі барысында анықталған ауқымды қаржылық заңбұзушылықтар фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек хабарлаған.

Аудит деректеріне сәйкес, «СҚ-Фармация» дәрі-дәрмек сатып алу кезінде бюджетке шамамен 35,8 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Сонымен қатар Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы АҚ-да 203 млн теңгеге, ал КазМедПром ЖШС-де медициналық қолғаптарды жеткізу кезінде 5,3 млрд теңгеге заңбұзушылықтар анықталған.

Аталған фактілер Бас прокуратурада тіркеліп, Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған. Қадағалау органы «СҚ-Фармация» және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қатысты қосымша тексерулер бастаған.

Айта кетейік, «СҚ-Фармация» Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы болып табылады.