Желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы мұнай өндіру шамамен 6%-ға қысқарды. Бұған украин дрондарының Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасаған шабуылының салдары себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, Қазақстандағы мұнай өндіру көлемінің азаюы ең алдымен Теңіз кен орнындағы өндірістің төмендеуімен байланысты. Елдегі ең ірі кен орындарының бірі саналатын Теңізден өндірілген мұнай экспортқа дәл КҚК құбыры арқылы жөнелтіледі.
Агенттік мәліметінше, 1–28 желтоқсан аралығында Теңіздегі мұнай өндіру тәулігіне 719,8 мың баррельге дейін түсіп, 10%-ға азайған.
— Аноним қалуды сұраған дереккөздің айтуынша, әлемде мұнай өндіру бойынша 12-орында тұрған Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі желтоқсанда қарашадағы орташа 1,93 млн баррель деңгейімен салыстырғанда 6%-ға қысқарған, — деп жазады Reuters.
ЭКСПОРТҚА СОҚҚЫ
Мұнай өндірудің төмендеуі экспорт көлеміне де тікелей әсер етті. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша экспорт соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге түсуі мүмкін. Reuters дерегінше, желтоқсанда КҚК терминалы арқылы қазақстандық мұнайды жөнелту көлемі қазірдің өзінде 19%-ға азайған.
Қазақстан мұнайдың бір бөлігін балама бағыттарға бұрды. Атап айтқанда, «Баку — Тбилиси — Джейхан» құбыры арқылы тасымал артты. Сонымен қатар «Атырау — Самара» құбырымен (осы бағыт арқылы қазақстандық мұнай Германияға жеткізіледі) тасымал желтоқсанда шамамен төрттен бірге өсіп, тәулігіне 255,5 мың баррельге жеткен. Алайда бұл бағыттардың өткізу мүмкіндігі шектеулі, сондықтан олар КҚК-ны толық алмастыра алмайды.
КҚК-ДЕГІ ЖАҒДАЙ
Осы арада КҚК терминалы Қара теңіздегі дауылға байланысты мұнай тиеуді уақытша тоқтатқаны белгілі болды. Бұл жағдай экспортқа да, өндіруге де қауіп төндіріп отыр, себебі мұнай сақтау қоймалары толып қалған.
29 қарашада украин дрондарының шабуылынан кейін Новороссийскідегі КҚК терминалында үш шығару айлағының екеуі жұмыс істемей тұр. Оның бірі соққы салдарынан зақымданса, екіншісі жоспарлы жөндеуде болған. Жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланғанымен, бұл мерзім сақталмаған.