Құрылыс саласындағы ірі кәсіпкер Нұрлан Артықбаев бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огай бақылауында болған «Қазақмыс» корпорациясының активтерін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘМІЛЕ ЖАСАЛДЫ
«Қазақмыс» бойынша мәміленің аяқталғаны туралы сарапшы Нұрлан Жұмағұлов мәлімдеді. Ол Нұрлан Артықбаевтың иелігіне өткен активтердің тізімін жариялады. Тізімнің алғашқы қатарында — «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, одан кейін 20-дан астам компания көрсетілген. Олардың қатарында «Партнёр» апаттық-құтқару қызметі, «Қазақмыс» политехникалық колледждері және «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС бар.
— Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» активтерін сатып алу жөніндегі мәмілені толық аяқтады. Активтер 2024 жылғы 19 желтоқсанда АХҚО-да тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясының қарамағына өтті (келіссөздер шамамен бір жылға созылған болуы мүмкін). Мәміленің нақты сомасы жарияланған жоқ, алайда активтердің жалпы құны 2–3 миллиард доллар шамасында бағалануы мүмкін, — деп атап өтті Жұмағұлов.
Сарапшының айтуынша, Qazaq Stroy құрылыс-девелоперлік компаниясының иесі ретінде танымал Нұрлан Артықбаевқа басқару тұрғысынан да, табыстылығы жағынан да күрделі кәсіпорындар өткен. Ал Владимир Ким KAZ Minerals тобына кіретін, кірістілігі жоғары әрі даму әлеуеті бар активтерге бақылауды сақтап қалған.
“ҚАЗАҚМЫС” ПЕН АРТЫҚБАЕВ
Желтоқсан айының басында «Қазақмыс» негізгі меншік иесінің ауысуына байланысты мәміле жүргізіліп жатқанын ресми түрде растаған еді. Нұрлан Артықбаевтың «Қазақмысқа» қызығушылығы оның бизнесі тек құрылыс саласымен шектелмейтінін ескерсек, түсінікті бола түседі. Ол бірнеше жылдан бері активтерін әртараптандырып, соның ішінде тау-кен металлургия кешені бағытына да бет бұрған. Бұл мәміленің алғышарттары туралы біз бұған дейін сараптамалық материалда егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.