Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің дамуына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеп, оның цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыру қажеттігін айтты. Президент қазақ тіліндегі ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тоқаевтың айтуынша, өткен кезеңдерде саяси қысымға қарамастан, қазақ тілі әдебиетшілердің, тіл мамандарының, журналистердің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында сақталып, дамуын тоқтатпаған.
– Қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр, – деді мемлекет басшысы.
Президент OpenAI компаниясының зерттеуіне сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданылу аясы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енгенін атап өтті. Сондай-ақ Yandex мәліметінше, былтырдан бері компанияның бір өнімін қазақ тілінде пайдаланатын адамдардың саны 30 пайызға артқан. Ал Google өткен жылы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне қосқан.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыруды алдағы маңызды міндеттердің бірі деп атады. Оның сөзінше, қазақ тіліндегі кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио-бейне жазбалар, архивтер мен музей қорларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын қайта жандандыру қажет.
– Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді, – деді ол.
Сонымен қатар Президент инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды қазақ тілінде меңгеруге жағдай жасау керегін айтты. Бұл үшін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге басымдық беру қажет екенін атап өтті.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев орыс тілінің елде кеңінен қолданылуын артықшылық санайтынын жазған едік. Оның сөзінше, бұл қазақстандық жастардың Ресейде білім алуына және екі ел арасындағы байланыстың нығаюына жол ашады. Елші бұл туралы Мәскеуде өткен жиында айтты.