Өскеменде ер адам итін бесінші қабаттан лақтырып жіберген

Сырым Қаржас
pixabay.com

Өскеменде бесінші қабаттан итін лақтырып жіберген ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 41 жастағы күдіктіге 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алдын ала мәліметке сәйкес, пәтерде дәрет сындырған итін иесі осылайша «жазаламақ» болған. Ит биіктіктен құлап, қатты жарақат алған, деп жазады КТК. Онымен қоймай, күдікті пышақ алып, жануардың соңынан жүгірген. Оқиғаны көрген көршілер дереу араша түсіп, лабрадор тұқымдас итті ветеринарлық клиникаға жеткізген. Алайда ауыр жарақат салдарынан үй жануарын аман алып қалу мүмкін болмады.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Қазіргі таңда полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

— Жануарларға қатігездік фактісі бойынша ҚР ҚК 316-бабы 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Оқиғаның мән-жайын толық әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу жүргізілуде, дейді ШҚО полиция департаментінің ресми өкілі Қарлығаш Жусупова.