Ресей Федерациясы құрамындағы Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыров 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты республика үкіметі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындады. Бұл жөнінде «Кавказ.Реалии» басылымы хабарлады. Ахмат Қадыров жаңа лауазымымен қатар спорт министрі қызметін де қатар алып жүрмек, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Сонымен бірге Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаевтың да қызметі жоғарылаған. Рамзан Қадыров аталған кадрлық өзгерістер үкімет басшысы Магомед Даудовтың ұсынысымен жүзеге асқанын айтып, оларды «кадр мәселесіндегі шағын өзгерістер» деп бағалады. Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
Шешенстан басшысы ұлының қызметтік өсуі өз денсаулығына байланысты деген ақпаратты нақты растаған жоқ. Бұған дейін, жаңа жыл қарсаңында, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Рамзан Қадыровтың Мәскеуде ауруханаға түскені жөнінде хабарлағанымен, бұл дерек ресми түрде расталмады.
Контекст
Айта кетейік, Шешенстан билік құрылымдарында Қадыров әулетінің өзге де мүшелері жоғары лауазымдарға ие. Мәселен, оның қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Ахмат Қадыров бұған дейін, небәрі 18 жасында, спорт министрінің орынбасары, жастар ісі жөніндегі министр, сондай-ақ «Ахмат» футбол клубының президенті қызметтерін атқарған.
Ал Қадыровтың тағы бір ұлы Адам 16 жасында әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құрылымын басқарған, кейінірек оны Гудермес қаласындағы Владимир Путин атындағы Ресейдің арнайы мақсаттағы университетінің кураторы етіп тағайындаған.
Жалпы алғанда, ашық дереккөздерге сәйкес, Қадыров әулетінің жүзге жуық мүшесі түрлі деңгейдегі билік құрылымдарымен байланысты. Бұл көрсеткіш бойынша олар Ресейде алдыңғы орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, аймақта ордендер мен атақтардың тым жиі табысталуы олардың қоғамдық мәні мен беделінің төмендеуіне алып келіп отыр.