Қытай Ресейден басып озды. Қазақстанға кім, қанша инвестиция салды?

Ulysmedia
Фото: tengrinews

2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар жалпы көлемі 4,7 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ұлттық банктың ресми статистикасында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Инвестицияның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, сондай-ақ автомобиль саудасы мен жөндеу саласына бағытталған. Аталған салаларға 1 млрд доллардан астам қаражат жұмсалған. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібіне 997 млн доллар, көлік секторына 772 млн доллар, қаржы және сақтандыру қызметтеріне 697,4 млн доллар инвестиция салынған.

Қазақстанға негізгі капитал салушылар қатарында Қытай алдыңғы орында тұр — 1,2 млрд доллар. Ресейден 950,5 млн доллар инвестиция келсе, Нидерландтан 638,4 млн доллар, Швейцариядан 469,5 млн доллар және Бельгиядан 357,2 млн доллар тартылған.

Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, Нидерландтан келетін инвестициялар үшінші тоқсан қатарынан қысқарса, Ресейден келетін қаржы ағыны өсіп отыр. Қытайдан келген инвестиция көлемі екінші тоқсанмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанға ең көп инвестиция салған ел — Нидерланд, оның үлесі 2,88 млрд долларды құрады. Одан кейін Қытай (2,6 млрд доллар) мен Ресей (2,1 млрд доллар) тұр. Жалпы, 2025 жылдың басынан бері елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 14,9 млрд долларды құрап отыр.