Жақын арада Ресей Федерациясы Байқоңырдан ұшыру санын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
РФ бірінші вице-премьері Денис Мантуров Ресейдің орбиталық станциясының (РОС) ғылыми-энергетикалық, әмбебап тораптық және шлюздік модульдерін ұшыруды Восточный ғарыш айлағынан Байқоңыр ғарыш айлағына көшіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта Байқоңыр ғарыш айлағына ғылыми-энергетикалық, әмбебап тораптық және шлюздік модульдердің ұшырылымдарын көшіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Байқоңырдан «Союз РОС» пилотталатын көлік кемелерін ұшыру жоспарланған. Ал пилотталатын бағдарлама аясындағы қалған барлық ұшырылымдар, соның ішінде пилотталатын көлік кемелері, «Прогресс РОС» жүк кемелері, базалық және мақсатты модульдер Восточный ғарыш айлағынан жүзеге асырылады, – деп Мантуровтың сөзін Интерфакс келтіреді.
АЙТА КЕТЕЙІК
Ресей орбиталық станциясы (РОС) – Ресейдің Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) қатысуын алмастыруы тиіс ұлттық ғарыштық кешен. Алғашқы модульді орбитаға шығару 2027 жылдың соңына жоспарланған.