Ақтөбе футбол клубының жанкүйерлері қала тұрғындарын қорлайтын сөздер айтты деп айыпталған клуб басшысына қарсы ашық үндеу жасады. Олардың айтуынша, өзін «Ақтөбе» футбол клубының жетекшісі ретінде таныстырған Арман Оспановтың мәлімдемелері ақтөбеліктердің намысына тиген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жанкүйерлер футболдың Ақтөбе үшін жай ғана спорт емес, қала мен өңірдің абыройын білдіретін маңызды құндылық екенін атап өтті. Осыған байланысты олар тұрғындарды кемсіткен адам клубты басқаруға моральдық құқығы жоқ деп санайды.
- Ақтөбеліктер туған қаласы мен футбол командасының намысын ешқашан сатқан емес. Команданы, қаланы, тұрғындарды қорлап, жай өтірік уәдемен құтыла алмайды, – делінген жанкүйерлер үндеуінде.
Сонымен қатар, жанкүйерлер клубтың жекешелендірілуіне және жаңа инвесторлардың келуіне түбегейлі қарсы еместігін жеткізді. Олар жеке қаражат есебінен футбол инфрақұрылымын дамытуға қолдау білдіретінін, ашық диалогқа дайын екенін атап өтті.
Алайда нақты Арман Оспановның «Ақтөбе» футбол клубына келуіне қарсы екенін ашық айтты.
- Біз клубтың жекешелендірілуіне қарсы емеспіз. Бірақ осы “кейіпкердің” келуін қабылдай алмаймыз. Арман Оспановтың “Ақтөбе” футбол клубынан кетуін талап етеміз, – дейді жанкүйерлер.
КЛУБ БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты клуб басшылығы жауап берді. 8 қаңтарда «Ақтөбе» футбол клубының кеңсесінде жаңа басқарма төрағасын таныстыру үшін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі өткен.
Кездесу аккредитациядан өткен бұқаралық ақпарат құралдарына арналса да, шара жанкүйерлердің келуімен ұлғасқан.
- Жанкүйерлер өз пікірлерін білдіруді жөн көрді. Жағдай шиеленіске ұласпай, ақырында бейбіт түрде реттеліп, тараптар арасында түсіністік орнатылды. Клуб басшылығы жанкүйерлермен келісімге келіп, жақын арада бөлек кездесу ұйымдастыратынын хабарлаймыз, – дейді клуб басшылығы.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР
Алайда жанкүйерлер сұрақтарына жауап ала алмағанын айтады.
- Кіммен қандай келісімге келгендеріңіз бізге белгісіз, өз сұрақтарымызға жауап алмадық. Талап бұрынғыдай, – дейді жанкүйерлер.