Ресей Қазақстанмен шекарада камикадзе дрондарын сынақтан өткізіп жатыр

Ulysmedia

Ресей Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысында «Герань-2» (Shahed) камикадзе-дрондарын сынақтан өткізуде. Дәл осындай дрон бұған дейін Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Сынақ полигон туралы OSINT-талдаушы kim høvik 2022 жылдан бергі аумақтың Google карталарындағы спутниктік суреттерін зерттеп хабарлаған. Оның тұжырымына сәйкес, аталған бейнелерден дрондарды сақтайтын қоймалар мен ұшыру қондырғылары анық көрінеді.

«Ресей Орынбор облысының Тоцк ауданындағы осы сынақ полигонында жуырда әзірленген «Герань» үлгісіндегі дрондарды және басқа да ұшқышсыз аппараттарды сынақтан өткізіп жатыр», — деп жазды талдаушы Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

«Герань-2» — Ресейде жасалған камикадзе-дрондар. Ол ирандық «Shahed 136» дронының баламасы саналады. Бұл дрон Украина аумағындағы соғыста кеңінен қолданылып келеді. Ұшу қашықтығы 700–1800 шақырым аралығында (кейбір деректер бойынша 2500 шақырымға дейін), жылдамдығы — сағатына 180 шақырымға дейін. Бір данасының шамамен құны — 200 мың АҚШ доллары.

Фото: uralskweek.kz

Контекст

Еске сала кетейік, өткен жылдың басында Батыс Қазақстан облысында кемінде төрт рет дрон құлаған. Куәгерлер түсіріп, әлеуметтік желіде тараған фотосуреттерге қарағанда, ел аумағына дәл осы «Герань» камикадзе-дрондары құлаған болуы мүмкін.