Түркіменстан Иранмен шектесетін өңірлерде қауіпсіздік шараларын күшейтті

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Иранда жаппай наразылықтар жалғасып жатқан шақта Түрікменстан билігі осы елмен шектесетін өңірлерде қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Азатлық радиосының (Азаттық радиосының түркімен қызмет) хабарлауынша, бірқатар аймақта көлік қозғалысы мен азаматтарды тексеру тәртібіқатаңдаған. Интернет байланысы да шектелген.

Қауіпсіздік режимі Ахал уәлаятына қарасты Серах ауданында, сондай-ақ Ахал және Балқан уәлаяттарының Иранмен шекаралас басқа да аумақтарында күшейтілген. Интернет байланысы толықтай дерлік өшірілген. Полиция мен ұлттық қауіпсіздік қызметі тарапынан бақылау шаралары қатаңдаған.

Түрікменстан билігі Ирандағы жаппай наразылықтардың ел ішіндегі тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін екенін ескере отырып, арнайы әрекет ету жоспарын әзірлеген. Онда интернетке қолжетімділікті одан әрі шектеу, шекара маңындағы тұрғындарды бақылауды күшейту, сондай-ақ білім беру мекемелерінде алдын алу сипатындағы түсіндіру жиналыстарын өткізу сияқты шаралар қарастырылған.

Контекст

Иранда экономикалық дағдарысқа қарсы наразылықтың жалғасып жатқанына екі аптадан асты. Бұл толқулар шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстарға ұласып, адам шығынына алып келген. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) деректеріне сәйкес, наразылық кезінде кемінде 490 бейбіт тұрғын мен қауіпсіздік күштерінің 48 қызметкері қаза тауып, 10 600-ден астам адам ұсталған. Алайда Иранның ресми билігі қаза болғандар санына қатысты нақты дерек жариялаған жоқ.

Түрікменстанның ресми органдары Ирандағы жағдайға байланысты әзірге түсініктеме бермеді әрі қосымша қауіпсіздік шараларының енгізілгені жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Елдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары да бұл тақырыпқа қатысты хабар таратып жатқан жоқ.