Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тиеуге бара жатқан екі танкерге дрондар шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Теңіздегі шабуыл: Теңіз бен Қарашығанақ мұнайы
Reuters агенттігінің мәліметінше, Грекия туы астында жүрген екі танкер Новороссийскідегі КҚК теңіз терминалының маңында дрондардың шабуылына ұшыраған. Бұл терминал арқылы Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
Дереккөздерге сүйенсек:
Delta Harmony танкері «Теңізшевройл» компаниясы жалдаған кеме болған және Теңіз кен орнынан алынған мұнайды тиеуге бара жатқан.
Ал Matilda танкері Қарашығанақ мұнайын тиеуі тиіс болған.
Matilda кемесіне КҚК терминалынан 30 теңіз милі қашықтықта екі дрон соққы жасаған. Кеме аздаған зақым алған, зардап шеккендер жоқ.
Ал Delta Harmony иесіне тиесілі компания әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Кейбір хабарламаларға сәйкес, шабуылдан кейін кемеде өрт шыққан, бірақ ол жедел сөндірілген.
КҚК өкілдері де жағдайға байланысты әзірге пікір білдірмеді.
КҚК үшін жаңа қауіп
Bloomberg агенттігі анонимді дереккөзге сілтеме жасап, шабуыл алдында екі танкер де КҚК терминалынан алыстап, мұнай тиеу кезегін күтіп тұрғанын хабарлады. Дрон соққысынан кейін кемелердің нақты қандай шығынға ұшырағанын бірден анықтау мүмкін болмаған.
- Бұл шабуылдар КҚК арқылы мұнай жөнелтуді одан әрі қиындатуы мүмкін. Бұл Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыт, ал ондағы тасымал қазірдің өзінде қолайсыз ауа райы мен қараша айындағы дрон шабуылынан кейінгі айлақ зақымына байланысты төмендеп кеткен, деп атап өтті агенттік.