Алматы қаласында Қазақстанның ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) жерінде тұрғын үй салу жоспары қоғамда алаңдаушылық тудырды. Сенат депутаттары бұл шешімді тоқтатуды талап етіп, оның елдің биологиялық қауіпсіздігіне және қала тұрғындарының денсаулығына тікелей қатер төндіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Стратегиялық нысан және оның жері
Сенатор Арман Өтеғұлов премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, Алматыдағы ҚазҒЗВИ жерлерін алып қою мен құрылыс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Оның айтуынша, Қазақстан – аграрлық ел, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтып отыр. Ал дәл осы кезеңде 1905 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, аса қауіпті жануар ауруларымен күрес стратегиясын қалыптастырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен санитарлық тұрақтылығын қамтамасыз етіп келген бірегей ғылыми орталық іс жүзінде жойылу алдында тұр.
— ҚазҒЗВИ – мемлекеттік қорғауға алынған стратегиялық маңызы бар нысан. Ол халықаралық стандарттар бойынша аккредиттелген, микроорганизмдердің республикалық коллекциясын сақтаушылардың бірі және аса қауіпті зооноздық инфекциялардың табиғи ошақтарын қадағалайды. Дәл осы институт базасында Қазақстанның халықаралық эпизоотиялық мәртебесін растауға қажетті ғылыми дәлелдер қалыптасады, — деді Өтеғұлов.
Соған қарамастан, институт аумағын 40 гектардан небәрі 3,5 гектарға дейін қысқарту туралы шешім қабылданған.
Қауіп
Сенатордың айтуынша, ҚазҒЗВИ-ге қатысты қабылданған шешімдер оны іс жүзінде тарқатуға алып келіп отыр.
— Институт өзінің тарихи жерінен айырылып, оны жалға алуға мәжбүр. Алматының бас жоспарына сәйкес қалған аумақтың өзі тұрғын үй құрылысына берілмек. Бұл жабық типтегі бірегей ғылыми кешенді түбегейлі жоюмен тең, ал оны басқа жерде қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Ең бастысы — бұл аумақта бұрын аса қауіпті инфекция қоздырғыштарымен жұмыс жүргізілген. Мемлекеттік кешенді сараптамасыз кез келген снос пен құрылыс биологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан жол берілмейтін қауіп тудырады, — деп ескертті сенатор.
Оның айтуынша, тұрғын үйлер салынатын аумақ шын мәнінде бүкіл елдің ветеринариялық қызметіне ғылыми қолдау көрсететін стратегиялық объект болып отыр.
Не істеу керек?
Осыған байланысты Арман Өтеғұлов үкіметтен институт жерлерін алып қоюға қатысты барлық шешімдерді тоқтатуды, бұрын жүргізілген мәмілелерге құқықтық және қаржылық тексеріс жасауды және ҚазҒЗВИ жерлерін қайтаруды сұрады. Сонымен қатар ол институтты «ҚазБиоФарм» холдингінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынады.
— ҚазҒЗВИ-ді сақтау және институционалдық тұрғыдан күшейту – елдің биологиялық қауіпсіздігін, мал шаруашылығының тұрақты дамуын және Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін қорғаудың басты шарты. Бұл ғылыми әлеуетті әлсірету немесе жоғалту қайтымсыз салдарға әкелетін жүйелі тәуекелдер тудырады, — деп қорытындылады сенатор.