Адвокат Мұрат Адам лицензиясынан айырылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматының Бостандық аудандық соты Әділет министрлігінің талабын қанағаттандырып, адвокат Мұрат Адамды адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сотқа жүгінуге Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі берген талап негіз болған. Онда адвокаттың кәсіби міндетін атқару барысында заң талаптарын «өрескел әрі жүйелі түрде бұзғаны» көрсетілген. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, адвокат әлеуметтік желілерде өз құқықтарының бұзылғаны, сондай-ақ тергеу органдары мен соттың заңсыз әрекеттері туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан.

Сот таратылған мәліметтерде адвокаттың өзіне және оның қорғауындағы азаматтарға қатысты құқық бұзушылықтар туралы жалған тұжырымдар болғанын атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау органдары әрекеттерінің заңды екенін растайтын сот шешімдері бар екені көрсетілген. Әділет министрлігі адвокаттың азаптау туралы жария мәлімдемелері мен сот жүйесін қаралауын оның кәсіби мәртебесін асыра пайдалану деп бағалады.

ӘРІПТЕСТЕРІ НЕ ДЕЙДІ

Мұрат Адамның әріптестері Әділет министрлігінің ұстанымымен келіспейтінін білдірді.

- Лицензиядан тәртіптік іс жүргізусіз айыру — заң талаптарына да, халықаралық стандарттарға да қайшы. Мұндай тәжірибе адвокатураға қысым жасауға жол ашып, оның тәуелсіздігінің негізін әлсіретеді, — деп пікір білдірді адвокат Марал Сайлаубай.