Көгершінді тамақтандырғаны үшін айыппұл салына ма

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті әлеуметтік желілерде тараған қауесетке түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

Онда аула мен саябақтарда көгершіндерді, тиіндерді, қаңғыбас иттер мен мысықтарды тамақтандырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылды.

«Әлеуметтік желілерде азаматтар құстарды, тиіндерді, қаңғыбас иттер мен мысықтарды тамақтандырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады, көршілер полицияға шағымдана алады, содан кейін айыппұл салынады» деген ақпарат тарауда. Бұл дерек шындыққа сәйкес келмейді», – деп хабарлады комитет.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Комитеттің мәліметінше, Қазақстанда қаңғыбас жануарларды тамақтандырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған.

«Жарияланымдарда ұғымдарды әдейі шатастыру бар – жауапкершілік тамақтандырудың өзіне емес, нақты әрекеттердің салдарына ғана қатысты болуы мүмкін», – деп нақтылады полиция.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Айыппұл келесі жағдайларда ғана салынады:

  • тамақтандырғаннан кейін тағам қалдықтары қалып қойса;
  • аула, саябақ, сквер және басқа қоғамдық орындар ластанса;
  • азамат рұқсатсыз қоқыс тастаған жағдайда.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 432-2-бабына сәйкес, айыппұл мөлшері – 10 айлық есептік көрсеткіш немесе 40 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар. Қайталанған жағдайда – 20 айлық есептік көрсеткіш немесе 80 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар қарастырылған.

ЕУРОПАДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ

Айта кетейік, бірқатар Еуропа қалаларында құстарды тамақтандыруға қатаң тыйым салынған. Мысалы, Венецияда 2008 жылдан бері көгершіндерге жем сатуға және таратуға толық тыйым бар. Ережені бұзғандарға 500 еуроға дейін айыппұл салынады. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш мың еуродан да жоғары болуы мүмкін.