Бас миы шайқалған - Талғардағы мектеп оқушысының соққыға жығылған видеосы тарады

Ulysmedia

Талғар ауданындағы білім беру мекемелерінің бірінде оқушының соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөз

Видео авторының айтуынша, оқиға 20 қаңтарда Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында болған.

«№34 мектепте жоғары сынып оқушылары бесінші сынып оқушысын соққыға жыққан. Олар алдымен мектепте, сосын көшеде ұрған. Директор, оқу ісінің меңгерушісі жедел жәрдем мен полицияны шақырмаған. Баланың анасы оны ауруханаға өзі алып барған. Бұл бірінші рет емес, бір шара қолданыңыздар. Ол үш баланың анасы, жалғыз тәрбиелеп отыр», - делінген видео сипаттамасында.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы Әбідғұлов атындағы №34 мектептің 5-6-сынып оқушылары арасында төбелес болғанын хабарлады.

«Жарақаттанған баланың анасы полицияға арыз жазды. Қазір бала бас миы шайқалған деген диагнозбен облыстық балалар ауруханасында жатыр. Іс Талғар ауданының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиясының қарауына жіберілді. Мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.