Қадыров ұлының жол апатына түскені туралы ақпараттан кейін жаңа видео жариялады

Сырым Қаржас
ашық дереккөзден

Рамзан Қадыров ұлы Адам жол апатына ұшырап, ауруханада жатыр деген хабарлама тарағаннан кейін жаңа видео жариялады. Онда Адам Қадыров Шешенстанның күштік құрылымдары командирлерімен кеңес өткізіп, кезекті марапат алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Видеоға "Кавказ.Реалии" журналистері назар аударған. Олардың дерегінше, бейнеролик алдын ала дайындалған: файлдың метадеректері оның 15 қаңтарда, яғни апат туралы ақпарат шыққаннан бір күн бұрын жасалғанын көрсетеді. Авторлардың айтуынша, сол күні дәл осы кеңестен түсірілген кадрларды республика басшысының айналасындағы адамдар да жариялаған. Сонымен қатар, Шешенстан билігіне бағынышты БАҚ Адам Қадыровтың ауруханаға жатқызылғаны туралы мәліметтерді не растаған жоқ, не жоққа шығарған жоқ. 

Flightradar24 деректеріне сәйкес, түнде Шешенстан басшысына қатысы бар ұшақ, сондай-ақ ТЖМ борты Мәскеуге қонған. Бірқатар телеграм-арналар Қадыровтың кіші ұлын Мәскеудегі ауруханалардың біріне жеткізуі мүмкін екенін айтып отыр.

КОНТЕКСТ

Жол апаты туралы 16 қаңтарда белгілі болды. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 18 жастағы ұлы Адам Қадыров Грозныйда жол апатына түскен. Бұл туралы шешен оппозициялық Niyso телеграм-арнасы мен "Кавказ.Реалии" басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Олардың мәліметінше, зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілген және ес-түссіз күйде, жағдайы ауыр. Ол Грозныйдағы республикалық ауруханада жатыр деп жазылған.

Дереккөздерге сәйкес, кортеж жоғары жылдамдықпен қозғалған, бірнеше көлік соқтығысқан. Сондай-ақ бірнеше адамның жарақат алғаны хабарланады. Апаттан кейін Грозный қаласында кей көшелер жабылғаны да айтылды.

АДАМ ҚАДЫРОВ КІМ

Адам Қадыров – Шешенстан басшысының ең танымал балаларының бірі. 2023 жылдың қыркүйегінде Рамзан Қадыров әлеуметтік желіде Адамның тергеу изоляторында Никита Журавельді ұрып жатқан видеосын жариялаған еді. Осы оқиғадан кейін, БАҚ мәліметінше, оған түрлі марапаттар беріліп, Шешенстанда қызметтер тағайындалған.