Қазақстанға Ресейден жаңа «құпия» қару сатып алу ұсынылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстан билігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін мәлімдеді. Ең алдымен — оларды ұшқышсыз басқарылатын аппараттар шабуылынан қорғау мәселесі көтеріліп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдиновтің пікірінше, КҚК акционерлері, оның ішінде Қазақстан да, өз нысандарын қорғау үшін С-500 «Прометей» зениттік-зымыран кешендерін сатып алуға қаржы бөлуі тиіс.

Оның бағалауынша, тек қаңтар айының өзінде КҚК арқылы мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен келген шығын немесе алынбай қалған табыс 1,5 млрд доллардан асып кетуі мүмкін.

— С-500 «Прометей» зениттік-зымыран кешені көмектесе алар еді. Бұл — «Алмаз-Антей» зауыты шығарған ең жаңа әуе қорғанысы жүйесі. Әуе нысандарын анықтау радиусы 600 шақырым. Бір мезетте 10 зымыранды (оның ішінде гипердыбыстық) немесе соққы беруші дрондарды жоюға қауқарлы.

Егер консорциум санкциялық шектеулерге байланысты ресейлік жүйелерді сатып ала алмаса, онда басқа елдердің әуе қорғанысы жүйелерін қарастыруға болады. Бірақ бұған Ресей тарапы келісім бере қоюы екіталай. Қалай болғанда да теңіз терминалы мен мұнай сақтау қоймаларының физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, — дейді сарапшы.

«ПРОМЕТЕЙ»

Ресей С-500 «Прометей» кешенін ресми түрде бірде-бір шет мемлекетке сатпаған. Өткен жылдың желтоқсанында жауынгерлік кезекшілікке қойылған бұл жүйе Ресейдің стратегиялық қорғаныс активтері қатарына жатады. Сондықтан оны экспорттауға тек «ең жоғары деңгейдегі» рұқсат қажет.

КОНТЕКСТ

Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы терминалына қазақстандық мұнай тиеу үшін бағыт алған екі танкерге 13 қаңтар күні шабуыл жасалды (алдын ала мәлімет бойынша — украин дрондары арқылы).

Бұл — соңғы үш айдағы Қазақстан мұнай экспортына жасалған екінші ірі соққы. Ал мұнай экспорты ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты «алаңдаушылық» білдірді.

Алайда дипломатиялық мәлімдемелер жаңа шабуылдардың алдын ала ала ма? Осы сауалға жауап іздеу үшін Ulysmedia.kz тақырыпты тереңірек зерттеп көрді.