Астана қаласындағы кассациялық сот алқасы Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен Ермек Әбдірешовтің өтемақы өндіру жөніндегі талап-арызын ішінара қанағаттандырып, мемлекет төлейтін өтемақы көлемін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.
«Ермек Әбдрешовтің пайдасына Қаржы министрлігінен өндірілетін моральдық зиян үшін өтемақы мөлшері 5 миллион теңгеге дейін арттырылсын», – деді кассациялық сот алқасының төрайымы Гүлнар Жаппарова 19 қаңтардағы сот отырысында.
Қаңтар оқиғасынан кейін екі көзінен бірдей айырылған Ермек Әбдірешов мемлекеттен 25 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Астана қаласының соты 2023 жылы оның талабын қарап, Әбдірешовтің заңсыз қудалауға ұшырағанын мойындағанымен, нақты зиян келтіруші тұлға анықталмағанын алға тартып, 2 миллион теңге төлеу жөнінде шешім қабылдаған еді. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.