Ресей Орталық Азия әйелдерін соғысқа тартып жатыр

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Ресейге нәпақа табу үшін барған Орталық Азия елдерінің азаматтарына қатысты ауыр деректер жария болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Настоящее время» басылымының мәліметінше, Ресей түрмелерінде отырған Өзбекстан азаматшаларына соғысқа бару арқылы бостандық алу ұсынылып жатыр.

Туыстарының айтуынша, бастапқыда сотталған әйелдер әскер қажетіне фуфайка, матрас тігіп келген. Алайда қазір оларды қысым көрсету және қорқыту арқылы тікелей майдан аймағына жіберуге мәжбүрлеуде. Әйелдер санитар, аспаз және кір жуушы ретінде жұмыс істеуге келісуге тиіс.

— Тұтқындарға он күн бойы тамақ бермей қойған кездер болған. Осылайша оларды «сындыруға» тырысқан. Кейбір қыздар соғысқа жіберілу қаупінен қорқып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Жергілікті билік пен күштік құрылымдар тарапынан қатты қысым жасалады, — дейді сотталғандардың бірінің анасы Үмида.

Оның айтуынша, ата-аналар көмек сұрап түрлі мекемелерге жүгінген.

— Алдымен өңір әкімдеріне барды, кейін Ташкентке барып, Бас прокуратураға, омбудсменге, сенатқа жетуге тырысты. Бірақ көпшілігін бірнеше тәулікке қамауға алып, журналистерге сұхбат бермеу және бұл туралы айтпау жөнінде қолхат алдырған. Сол себепті адамдар қатты қорқып қалған, — дейді ол.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Ташкентте орналасқан «Эзгулик» құқық қорғау қоғамының жетекшісі Абдурахмон Ташанов соңғы уақытта есірткі «тастау» деректері бойынша өтініштер күрт артқанын айтады.

Оның сөзінше, мигранттардан тыйым салынған заттар «табылып», кейін олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Үкім шыққан соң сотталғандар қорқыту мен уәде беру арқылы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға және соғысқа баруға мәжбүрленеді.

Абдурахмон Ташановтың нақты статистикасы жоқ. Дегенмен ол соңғы төрт жылда Ресейде есірткі айыбымен сотталған және кейін түрмелерде соғысқа тартылған мигранттар саны аз емес екенін атап өтті.