Qirsabyn ісі журналистерсіз қаралады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Анонимді Qirsabyn телеграм-арнасының әкімшілеріне қатысты сот процесі жабық режимде өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Бұл журналистердің сот залына кіруіне тыйым салынады деген сөз. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұндай шешім барлық тараптың — мемлекеттік айыптаудың, қорғау тарапының және жәбірленушілердің өтінішхаттары негізінде қабылданған. Ресми себеп ретінде «сот барысында жеке өмірге қатысты мәліметтер талқыланады» деген уәж айтылған.

— Сотқа мемлекеттік айыптаушыдан, айыпталушылардың қорғаушыларынан, сондай-ақ жәбірленушілерден бұл істі жабық сот отырысында қарау жөнінде өтінішхаттар түсті. Себебі қылмыстық іс материалдарында олардың жеке өміріне қатысты мәліметтер бар, — деп түсіндірді Астана қалалық сотында.

Істі елордалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап жатыр. Бұл іс ең басынан-ақ құпия болды. Тергеуді Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген.

Олардың мәліметінше, Qirsabyn әкімшілеріне қатысты қылмыстық іс «Қорқытып алу» және «Жеке өмірге қол сұқпаушылықты бұзу» баптары бойынша қозғалған. Алайда сотта оларға тек Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы — «Ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында жасалған қорқытып алу» бойынша айып тағылды.

Аталған бапқа сәйкес, кінәлі деп танылған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.

КОНТЕКСТ

Тергеу нұсқасына сәйкес, арна әкімшілері белгілі адамдардан компромат жариялаймыз деп қорқытып, ақша талап еткен. Бұл іс бойынша жәбірленушілер қатарында тек инфлюенсерлер ғана емес, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғамдық қайраткерлер де болуы мүмкін.

Сот процесі барысында жеке хат алмасулар мен жеке фотосуреттер ұсынылуы ықтимал. Осы себепті тараптар істің жария түрде қаралғанын қаламаған болуы мүмкін.