Қазақ тілін үйрететін ойынға 242 миллион теңге жұмсалған

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойынының бюджетке 241,8 миллион теңгеге түсу себебін түсіндірді. Негізгі себептер ретінде жобаның бірден үш платформаға арналып жасалуы және кейінгі қолдау жұмыстары көрсетілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Комитет төрағасы Ербол Тлешевтің айтуынша, бұл – тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында жасалған алғашқы отандық оқыту ойыны. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, әзірлеу құны 241 838 392 теңгені құрады. Ұлттық банктің 22 қаңтардағы бағамы бойынша бұл шамамен 477 281 АҚШ долларына тең.

ҮШ ПЛАТФОРМА ЖӘНЕ «НАРЫҚТЫҚ БАҒА»

Бағаға қатысты сұрақтарға жауап берген министрлік өкілі жобаны басқа ойындармен салыстыру тек платформалар санын ескергенде ғана дұрыс болатынын айтты. Steppe Rider үш платформаға арналып жасалған. Ал бір платформаға арналған ойынның нарықтағы бағасы 1 мыңнан 300 мың АҚШ долларына дейін (шамамен 507 мыңнан 152,4 миллион теңгеге дейін) өзгеруі мүмкін.

ЖОБАНЫҢ МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ 2026 ЖЫЛҒА ЖОСПАР

Министрлік мәліметінше, ойын 2025 жылы әзірленді, ал 2026 жылы тегін кепілдік қолдау қарастырылған. Бұл қолдау аясында:

  • көлемді карта қосу;
  • жаңа механика енгізу;
  • қолданушылар арасында жарыс режимін іске қосу жоспарланған.

Жанрға қатысты да түсініктеме берілді: мемлекеттік сатып алу құжаттарында Steppe Rider пошаговая RPG ретінде көрсетілсе, Steam платформасында ол викториналар мен тесттері бар runner жанрында жарияланған. Ербол Тілешевтің айтуынша, ойын «пошаговая логикада» жүзеге асқан.

ӘЗІРЛЕУ ҮДЕРІСІ

Жобаға: кейіпкерлер механикасын жасау, 3D өндіріс, мобильді нұсқаны әзірлеу және оңтайландыру, әр платформаға бейімдеу, интерфейс пен экран логикасын құру, тестілеу, түзету және тұрақтандыру кірген.
Министрлік ерекше атап өткендей, 30-дан астам маман 2025 жылдың сәуір айының соңында – мамырдың басында жұмысқа кірісіп, жобаны жеті айда аяқтаған. Әдетте мұндай ойындарды әзірлеу кемінде екі жылға созылады.

ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ БАҒАСЫ

Steppe Rider ойыны қазірдің өзінде 30 мыңнан астам рет жүктелген. Пікірлердің басым бөлігі оң бағалы, оның ішінде Ресей мен Еуропа елдерінен келген пікірлер де бар.